Қоғам

“Көктемгі ізгілік аптасының” қорытындысы



 

“Көктемгі ізгілік аптасы” акциясы осымен 4-ші рет өткізіліп отыр. Қайырымдылық шарасы кезінде жасөспірімдер тұрмыс жағдайы төмен отбасыларынан шыққан қатарластарына сыйлықтар жасап, соғыс, еңбек ардагерлеріне аулаларын тазартуға көмектесті. Шараға белсенді қатысқан жеткіншектер жиында тындырған істері жайлы баяндап, жемісті жұмыстарының нәтижесін слайд арқылы көрсетті.

Жұлдыз Төренова, СҚО балалар құқығын қорғау департаментінің бас маманы:
Бүгін көктемгі ізгілік аптасы акциясының қорытындысы шығарылып жатыр. Бұл акция “Балаларға көктем шуағын сыйла” марафоны шеңберінде өтіп жатыр. Еріктілер клубы 2008 жылы құрылды. Осы жылдан бастап қайырымдылық іс-шараларын жүргізіліп отырады.

Халық игілігі үшін қолға алынған жобаға 98 мектеп, 4 кәсіптік лицей, 3 колледж, 7 аудан өкілдері белсене қатысқан. СҚМУ “Джем” педагогикалық тобы да қайырымдылық аптасына өз үлестерін қосыпты.

Виктория Сальникова, “Джем” педагогикалық тобының көшбасшысы:
Біз жетім және ата-ана қомқорынсыз қалған балалардың интернатында, кәмелеттік жасқа толмаған балаларды бейімдеу орталығында, бөбектер үйінде болдық. Бүлдіршіндермен тілдесіп, оларға ойыншықтар сыйладық.

Қайырымдылық аптасы барысында “Мейрімділік жасауға асығыңыз” акциясы өткен. Онда еріктілердің 80-нен астам жобалары қабылданыпты. Оның тек 3- еуі жоғары бағаға ие болды. Солардың ішінде №21 орта мектеп еріктілерінің жобасы үздік деп танылған.

Алена Копрыгина, №21 орта мектеп оқушысы:
Бұл жобаға біз 1 ай бойы дайындалдық. Көмекке мұқтаж балаларға қол ұшымызды беріп отырдық. Олармен сұхбаттасып, достасуға тырыстық.

Есіл ауданының жастары да акцияға белсене қатысты. Еріктілер СҚМУ 4 курс студенті Ерлік Құсаиновқа қаржылай көмектескен. Ерлікке шетелде екі бүйрегіне ота жасау қажет болған.

Зарина Бейсенова, Николаевка орта мектебінің оқушысы, Есіл ауданы:
Біздің насихаттаушы топ, “Таза аялдама”, «Таза жағалаулар», «Балалар алаңы», «Таза бейсенбі» акцияларына және мектеп алаңдарын көгалдандыру жұмыстарына белсене қатысады. Алдағы біздің мақсатымыз “Таза бұлақ” шарасын өткізу.

“Көктемгі ізгілік аптасы” атты акцияға биыл 7 мың ерікті қатысқан. Бұл қайрымдылық акциясы келесі жылы да жалғасын таппақ.

Гүлбану Ахметова