Өнеркәсіп

Өнеркәсіп саласында қазақстандық мазмұн мен сапа басты назарда

 

 

  Серік Ахметов Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылына соғып, “Нұрлы көш” бағдарламасының орындалу барысымен танысты. Оның аясында 588 адам жаңадан бой көтерген ауылға қоныс тепті. Елді мекенде екі жылда 230 үй тұрғызылды. 10 баспананың құрылысы биыл аяқталады.

  Құрылыс материалдары зауытында Серік Ахметов полиэтилен құбырлар және тез тұрғызылатын сендвич-панельдер өндірісімен танысты. Индустрияландыру картасы аясында ашылған өндіріс ошағы облысымызда тұрақты дамып келетін кәсіпорындардың қатарында. Мұнда шығарылатын өнімдер отандық және Ресей нарығында зор сұранысқа ие. Маусым айында кәсіпорын құны 284 млн теңгелік 4-ші желіні іске қоспақ.
  Петропавл ауыр машина жинау зауыты да – ірі кәсіпорындардың бірі. Бірінші вице-премьер цехтарды аралап, өндірісті байқап көрді. Жуық арада зауытқа бұрғылау кешеніне көтерме қондырғы жасау жобасы ендірілмек. Бұл мақсатқа республика қазынасынан 65 млн теңге бөлінбекші.
  Ал “Мұнаймаш” зауыты мұнай саласына аса қажетті қондырғыларды құрастырады. Олармен де Серік Ахметов танысып өтті. Бірінші вице-премьер өңіріміздегі өндіріс ошақтарының қазақстандық мазмұнға басымдық бергені дұрыс деді. Онымен қатар өнімнің сапасына баса көңіл бөлу керектігін тілге тиек етті.

Серік Ахметов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
Көп зауыттар мына «Мұнаймаш» сынды модернизация жағынан жұмыстар жүргізіп жатыр. Әр зауытта осындай модернизация жүргізілсе,  біз жоғары сапамен өнім шығаратын боламыз. Ол бір жағынан экономикаға жақсы. Екіншіден, осы зауыттардың жағдайы жаңа деңгейге көтеріледі.  

 “Севказэнерго” АҚ өңірді жылу және электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған бірегей кәсіпорын. Аталмыш нысанда Серік Ахметов жаңартылып жатқан қазандықтар мен турбиналық цехтардың жұмысымен танысты. Осының арқасында екінші жылу орталығының қуаттылығын 396 МВТ-қа жеткізу көзделген. Сондай-ақ былтыр сыйымдылығы 900 мың тонна күл төгетін 3-ші секцияның құрылысы аяқталыпты.

Жеңіс Ермұқанов