Білім

Ғарышкер білім гранттарын табыс етті

 

 

Ғарышкер-ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры Александр Викторенконы Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің ұжымы әрқашан қуана қарсы алады. Өйткені ол оқу ордасының көп жылдардан бергі құрметті қонақтарының бірі.

Александр Викторенко, Кеңес Одағының Батыры, СҚО Құрметті азаматы:
Әрқашан осында келгенде мені ерекше бір толқыныс билейді. Менің ойымша осы ұжыммен қарым-қатынас орнату маған ерекше күш пен қуат беретін сияқты. Әрі жастар да ғарыш саласынан аз да болса тәжірибесі бар адаммен жүздескеннен кейін әр нәрсеге байыппен қарап, жауапкершіліктері арта түседі деген ойдамын.

Шал ақын ауданының Ольгино ауылында туған ғарышкер жайлы оқу ордасында жиі айтылады. Сондықтан да колледж студенттері оның өмір жолымен жақсы таныс. Александр Викторенко туған жерге келген сайын білім ордасына соғып, оның ұжымымен кездесіп тұруды дәстүрге айналдырған.

Жұлдыз Құрбанова, Петропавл құрылыс-экономика колледжінің студенті:
Біз Александр Степанович Викторенконың келгеніне өте қуаныштымыз. Жыл сайын осында келгенінде ол үлгілі студенттерге сыйақы береді. Бұл бізді жақсы оқуға ынталандырады.

Александр Викторенко колледж мұражайының жұмысымен танысты. Сонымен қатар  ол арнайы “Ғарыш аудиториясының” таспасын қиды. Кездесу соңы «Білім мен жұлдыздар айлағы» деген шараға ұласты. Онда оқу озаттары, дарынды әрі белсенді оқушылар ғарышкер атындағы гранттарға ие болды.

Әспет Әбдірешова