Ауыл шаруашылығы

Пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекетке қайтарылады


 

Жер ресурстарын тиімді пайдалану – соңғы уақытта қоғамда жиі талқылана бастаған өзекті мәселе. Бұл орайда бүгінгі күнгі басты міндеттердің бірі – жер пайдалануды реттеу болып отыр.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Жер ресурстары ел байлығының негізі болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы саланы дамытуға үлкен көңіл бөлуде. Сондықтан жер ресурстарын тиімді басқарудың мәселелерін талқылау үшін жиналып отырмыз.

Бүгінде жер қатынастарын реттеуде шешуін күтіп тұрған мәселелер шаш етектен. Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттік төрағасы Қадырхан Отаров осы саладағы олқылықтар мен назар аударатын тұстарға кеңінен тоқталып өтті. Жер ресурстары туралы нақты деректер қорын құру, жер кадастрын жетілдіру мәселелеріне баса назар аудару қажет.

Қадырхан Отаров, ҚР жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттік төрағасы:
-Бүгінгі күні назар аударатын мәселе — жер кадастры болып отыр. Себебі, жер кадастры Жер кодексінің негізгі ережелерін жүзеге асырудың, жер пайдаланушылардың құқығын қорғау мен жер ресурстарының әлеуетін тиімді пайдаланудың негізі болып табылады. Бұл іс қазіргі күні мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін жасау және құру, осы жүйеге инновациялық технологияларды пайдалану арқылы іске асырылуда.

Тағы бір мәселе – көптеген қалалар мен елді мекендердің бас жоспары жоқ. Біздің облыста 8 елді мекеннің жоспары бекітілмеген. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді тиімді пайдалану – маңызды түйіткілдердің бірі. Елімізде үш жыл бойы ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу жұмысы жүргізілмек. Биылғы жылы – 30 млн. гектардан астам жер, ал біздің облыста – 2 млн. 300 мың гектар алқаптың жай-күйі зерттеледі деп жоспарланған. Айту керек, бұл жұмыс алғаш рет қолға алынбақшы, бұған дейін тек ревизия ғана жүргізілген екен. Бұған қоса жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жерлерді де түгендеу қажет. “Бұл оңай шаруа емес. Сондықтан өңірлердегі жергілікті атқарушы билік өкілдері де атсалысуы қажет», – деді Қадырхан Отаров. Тағы бір маңызды міндет – жер заңнамасын жетілдіру болып табылады. Бұл бағытта үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Өткен жылы жер кодексіне бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіліпті. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттырудың да маңызы зор.

Қаналбек Райымбеков, ҚР жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары;
-Өткен жылы жерді пайдалану мен қорғауды жүзеге асыру бағытында 6,5 мың тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 3800 заңбұзышылық анықталды. Мемлекет қазынасына өндіріліп алынған айыппұл  403 млн. теңгені құрайды.

Жер пайдалануды реттеу бағытында алда үлкен міндеттер тұр деді облыс әкімі. Сондай-ақ кеңесте талқыланған түйткілдердің жерге қатысты мәселелерді шешуде елеулі көмегін тигізеріне сенім білдірді.

Айымгүл Әбілева