Денсаулық сақтау

Кене шықты


 

Күн жылынып, ауа температурасы жоғарылай бастаған уақытта кенелердің белсенділігі арта түседі. Әсіресе, мамыр-маусым айларында. Дегенмен бұған дейін де жәндіктен сақтанған жөн. Өйткені соңғы аптаның өзінде Есіл ауданы мен облыс орталығында кене шағуы тіркелген. Зардап шеккендердің біреуі – 14 жасқа толмаған бала.

Татьяна Краснова, санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау комитетінің СҚО бойынша департаментінің бөлім бастығы:
– Кенеден сақтануды ұйымдастыру үшін қала мен жақын маңдағы аумақтарда залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл іс-шараның бірінші кезеңі басталды. Эпидемиологиялық маусым басталғалы 18 га аумақтағы жер арнайы дәрілермен өңделді. Жұмыстар таңертеңгілік уақытта ұйымдастырылады.

Биыл бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2 млн 300 мың теңге бөлінген. Барлығы 560 га аумақ дәріленеді. Кене шағуынан пайда болатын аурулардың алдын алу да көзделуде. Қауіпті жәндік шаққан жағдайда бірден мамандар көмегіне жүгіну қажет.

Татьяна Краснова, санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау комитетінің СҚО бойынша департаментінің бөлім бастығы:
– Кененің шағуынан зардап шеккендерге дәрігерлердің көмегіне жүгінуді ұсынамыз. Өйткені қауіпті жәндікті кәсіби түрде алу жолдары бар. Шаққан жерді йодпен және спиртпен сүрту қажет. Өздігінен әрекет етемін деп, керісінше асқындырып алатындар да бар.

Кенелер көбінесе қалың ағаштарда, шөп жамылғысы бар аралас ормандарда тіршілік етеді. Бұған дейін өңірімізде бұл жәндіктің шағуынан болатын кене энцефалиті ауруы мүлдем тіркелмепті. Алайда табиғатқа шығарда ең бастысы 2 нәрсені естен шығармау қажет дейді мамандар. Біріншіден, арнайы киім кию керек. Және түрлі жәндіктерді үркітетін арнайы құралдар қолданған абзал.

Инеш Шоқақова