ТЖ

Орман өрттерінің алдын алу шаралары



 

Өткен жылы өңіріміздегі орманды алқаптар екі мәрте отқа оранып, тілсіз жау 28 Га жасыл желекті құртыпты. Тоғайларды жалмап кеткен өрт негізінен Айыртау ұлттық орман паркінде орын алған. Қызылжар ауданында 2 Га орман күйіп кеткен. Биыл бұндай келеңсіздікке жол бермес үшін табиғат сақшылары алдын алу шараларына кірісіп кетті.

Ережеп Жанатаев, СҚО «Орман және аңшылық шаруашылығы» ММ аумақтық инспекциясы бастығының орынбасары:
Сәуірдің 6-н орманшылар үшін аса қауіпті маусым басталды. Жер кеуіп қалды, былтырдан қалған құрғақ шөп өте көп. От түсе қалса тез тұтанып кетеді. Сондықтан қазір ормандардың айналасын күйдіріп, құрғақ шөптерден тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кемінде 20 метр жер осылайша өртелуі керек.

Сондықтан өңірдегі 12 орман шаруашылығына қарасты 682 мың Га  астам тоғайлы алқапты күзету шаралары күшейтілді.

Ережеп Жанатаев, СҚО «Орман және аңшылық шаруашылығы» ММ аумақтық инспекциясы бастығының орынбасары:
Жоспар бойынша 10 мың шаршы шақырымды алып жатқан аса қауіпті аудандар белгіленді. Бүгінде оның тең жартысынан астамы құрғақ шөптен арылды. Қалғанын екі үш күннің ішінде аяқтайтын боламыз. Сонымен қатар тоғайлардың айналасына шөп шықпас үшін ұдайы жыртылып тұрады.

Қауырт маусымға дайындық жұмыстарын жүргізуде табиғат сақшыларында тілсіз жаумен күрес құралдары мен арнайы техника жеткілікті. Жалпы биыл облысымыздың орман шаруашылықтарының материалдық- техникалық базасын жаңартуға өңір қазынасынан 50 млн теңге бөлініпті.

Жеңіс Ермұқанов