Білім

“Тіл – барлық білімнің кілті”

 

 

 

Облыстық байқау осыған дейін аудандық және қалалық кезеңдерден өтіп, жүлделі орындарға ие болған 14 жеңімпаздың басын қосты. Алдымен қатысушылар сайыс шарты бойынша 25 сұрақтан тұратын лексика-грамматикалық тест сұрақтарына жауап берді.

Үмітжан Шынтемірова, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы:
– Байқаудың негізгі мақсаты – дарынды жастарды табу, қазақ жастары арасындағы тілдерді меңгеруге деген қабілеттерін жандандыру және сөйлеу мәдениетінің деңгейін арттыру. Жеңімпаз республикалық байқауға жолдама алады.

10-сыныпта оқитын Әсел Бөкеннің осы байқауға биыл екінші рет қатысуы. Өткен жылғы сайыста ол үшінші орынға ие болыпты. Осындай шаралардың жастарға берері мен үйретері мол дейді талапты жас.

Әсел Бөкен, байқауға қатысушы, Ғ. Мүсірепов ауданы:
– Бүгінгі шараның менің ойымша маңызы өте зор. Себебі біз – қазақ мектебінің оқушылары орыс тілін жақсы меңгергенімізді көрсете аламыз. Мен бүгінгі күні үш тілді толығымен меңгердім деп ойлаймын.

Сонымен қатар, тіл білгірлері шығарма жазу және көркем шығармадан үзінді оқу сайыстарына түсті. Жамбыл ауданынан келген Әйгерім Ақылбай байқаудың бұған дейінгі кезеңінде 1-орынға ие болыпты. Ол – өзге тілді білген – адамның ой-өрісі мен дүниетанымын кеңейтеді дейді.

Әйгерім Ақылбай, байқауға қатысушы, Жамбыл ауданы:
– Әрбір адам өз ана тілін білуі керек. Бірақ та басқа тілді білу – заман талабы. Бір тілді білумен ғана шектелмеу керек. Орыс, ағылшын тілдерін де білу қажет.

Байқау нәтижесі бойынша жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Орыс тілін жетік меңгерген Әйгерім Ақылбай үздік деп танылды. Енді ол Астана қаласында өтетін республикалық байқауға аттанбақ.

Әспет Әбдірешова