Денсаулық сақтау

Денсаулық апталығы


 

Денсаулық – зор байлық! Облыста дүниежүзілік денсаулық күні аясындағы апталық «Жақсы денсаулық ғұмырға жас қосады” деген ұранмен өтуде. Бұл жолы қарттардың денсаулығын жақсартуға көңіл бөлінуде. Тегін дәрістер өткізіліп, арнайы жаттығу орындары да қарастырылған. “Надежда” әуесқой желаяқтар клубының төрағасы Алик Азмухаметов апталыққа белсенді қатысып тұрады. Ол 30 жылын спортқа арнаған. 51 жасында жүгіруден спорт шебері дәрежесіне ие болыпты.

Алик Азмухаметов, “Надежда” әуесқой желаяқтар клубының төрағасы:
Кеше біз дәріс тыңдап, жаттығу жасадық. Біз қатарлы жандардың барлығы спортпен шұғылданғандары дұрыс. Мен жүгіруді 42 жасымнан бастадым. Содан бері көп уақыт өтті. Спортпен қоштасқан емеспін. Мұндай жаттығулар денсаулығыңды жақсартуға көмектеседі.

Денсаулық апталығына зейнеткерлер белсенді атсалысуда. Бүгін олар арнайы жаттығулар жасап, бұлшық еттерін қатайтады.

Ольга Белова, “ENERGY” фитнес-клубының жаттықтырушысы:
Біз бүгін қарттарға арнайы спорт сабағын өткіздік. Оған Пилатес жаттығуын таңдап алдық. Бұл жаттығуды барлық жастағы адамдардың жасауына болады. буындар мен бұлшық еттердің жақсы жұмыс істеуіне көмектеседі.

Бүкіләлемдік денсаулық күні жыл сайын әр түрлі мәселені қамтиды. Биылғысы “Қарттық және денсаулық” аталған. Мұндай сабақтарға зейнеткерлер белсенділік танытуда дейді ұйымдастырушылар.

 Наталья Кудинова, «Bazis»  үкіметтік емес ұйымының «Ресурстық орталық» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
Биыл бүкіл әлемдік денсаулық күні қарттарға арналғандықтан олардың денсаулығын жақсартуға көңіл бөлгеніміз жөн. Қарияларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, оларды спортқа тарту қажет. Сондықтан біз осындай іс-шараларды ұйымдастырып жатырмыз.

Денсаулық күніне орай бұған қоса дебат ойыны және сурет көрмесі өтпек.

Гүлбану Ахметова