Ауыл шаруашылығы

«Сыбаға» – шаруалар үшін тиімді бағдарлама

 

 

 

Мал шаруашылығын дамытуды көздеген Қаршыға Қарабаев «Сыбаға» бағдарламасы туралы бір жыл бұрын естіп, бірден несие алуға ниет білдірген. Алайда өткен жылы тиісті құжаттарды жинай алмапты. Мұратынан қол үзбеген ауыл еңбеккері биыл да мемлекет көмегіне жүгінген екен. Оның жолы болып, бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алып отыр.

Қаршыға Қарабаев, «Рай» ШҚ бастығы, Ақжар ауданы:
-Биыл кепіл мүліктің барлығын жинап, «Сыбаға» бағдарламасына кіріп, ақша алып жатырмыз. Қағаздарды 1-2 апта ішінде жинап, 5 млн-га құжат тапсырдық.  Алла жазса, апрельдің басында ақша аламын.

Тиісті соманы алғаннан кейін Қаршыға Қарабаев 30 шақты етті бағыттағы ірі қараны сатып алуды көздеп отыр. Жалпы бұл бағдарлама өткен жылдан жүзеге асырылып келеді. Былтыр «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалы 33 жобаны қаржыландырыпты. Үстіміздегі жылы мал шаруашылығын дамыту саласында өз ісін дөңгелетемін деушілердің саны артқан. 48 азамат арнайы мамандардың кеңесіне жүгінді. Бүгінге дейін жалпы сомасы 220 млн теңгені құрайтын 32 өтініш түскен.

Әлия Әубәкірова, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ СҚОФ несие қызметінің бастығы:
– Құны 119 млн теңге болатын 23 жоба филиалымыздың қолдауына ие болды. Осы жылы солтүстікқазақстандықтардың бағдарламаға қатысуға деген белсенділіктері артып отыр. Қарыз алушыға қойылатын негізгі талап – борышты өтей алу мүмкіндігі, қаржы тұрақтылығы.

«Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде 7 жылға 6 пайыздық үстемеақымен 18 млн теңгеге дейін несие алуға болады. Бұл қаржы тек қана  етті бағыттағы сиырлар мен асыл тұқымды аталық мал алуға жұмсалуы тиіс.

Айдана Демесінова