Қылмыс

Есірткі саудагерлері ұсталды



 

Тәртіп сақшыларына Қызылжар ауданының Мичурин  ауылында есірткі саудаланып жатыр деген ақпарат түскен. Арнайы жедел іздестіру шараларының барысында күдік расталды. Аталмыш елді мекеннің екі тұрғыны героин сатуды табыс көзіне айналдырып алыпты. Бұрындары бастары істі болған  саудагерлердің  екеуі де есірткіге тәуелді. Екі қоянды бір оқпен атамыз деп жүріп, бас бостандықтарын бәйгеге тіккен  нашақорлар улы ұнтақты облыс орталығынан алып тұрған. Көп ұзамай, күдіктілерді заңсыз тауармен қамтып келген Петропавл тұрғыны да қылмыс үстінде құрықталды.

Жұмажан Мұқатанов, СҚО ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы:
– Соңғы сезіктінің өзі есірткі қабылдамаған. Дегенмен әбден есірткіге берілгендерді улы затпен қамтамасыз еткен. Олардың мұқтаждықтарын қамтып қана қоймай, соңғыларына ақша табуға мүмкіндік берген. Өстіп есірткі саудалауды жақсы жолға қойыпты.  

Тінту барысында ұсталғандардан 12 грамм героин тәркіленді. Барлығының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сезіктілер уақытша ұстау абақтысына қамалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

 Жеңіс Ермұқанов