Қоғам

Ішкі әскер кадрларының ұстаханасы



 

Еліміздің ішкі әскерінде қызмет етіп, отан қорғаушыларды дайындайтын білікті кадрлардың дені – Петропавл әскери институтының түлектері. Өңірімізде бұл мекеменің ашылғанына биыл 15 жыл. Осы уақыт аралығында институт өз ісін жетік меңгерген 1900 офицер даярлаған.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Әскери институт ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылды. 15 жылдық тарихы бар институт – «Ұлттық қауіпсіздікті»   жүзеге асырудың айқын дәлелі. Әскери күштер – ел тыныштығын сақтаудың басты факторы. Бүгінде әскери білім мекемесі осы заманғы әскери-ғылыми мамандарды даярлау орталығына айналды. Болашақ офицерлерді тәрбиелеуде Сіздерге қойылатын талап аса зор.

Еліміздің ішкі әскерінде қызмет ететін сапалы мамандарды даярлауда оқытушылар құрамының еңбегі зор. Олардың ұзақ жылғы мінсіз қызметі елеусіз қалмады. Бірқатар әскерилер облыс әкімінің құрмет грамотасымен, алғыс хаттарымен және ақшалай сыйлығымен марапатталды.

Александр Васильев, ҚР ІІМ ішкі әскерінің ардагері:
– Қазіргі таңда әскери институттың дамуына қарап, 15 жыл бойы қыруар жұмыстың атқарылғанын көруге болады. Көптеген түлектеріміз әскери қызметте жоғары лауазымдарға тағайындалды. Өз шәкірттеріміздің жетістіктерін мақтан тұтамыз.

Институттың оқытушылар құрамы мен курсанттары ғылыми-зерттеу жұмыстарынан да шет қалмайды. Бұл салада да мекеме талай жетістіктерді бағындырған.

Жұмабек Ахметов, ҚР ІІМ ІӘ әскери институтының бастығы:
– Әскери институт ұжымы республикалық және халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысады. Ғылым саласының дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Спортта да жеткен жетістіктер аз емес. Бұл оқытушылар құрамы мен курсанттардың бірлесе жасаған еңбегінің жемісі.

Жиында әскери институттың бастығы Жұмабек Ахметов облыс әкіміне курсанттардың өлеңдер жинағын, атаулы күнге арнайы әзірлеген фильм, кітап пен естелік белгі тарту етті. Сондай-ақ ерлігімен көзге түскен әскерилер мен курсанттарға тағы бір мәрте қошемет көрсетілді. 1-курс курсанты Ербол Отарбаев Ақтаудағы түрмеден қашқандарға тойтарыс берген. Бұл ерлігі үшін ол ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.

Ербол Отарбаев, ҚР ІІМ ІӘ әскери институтының 1-курс курсанты:
Мен еліме қызмет ету үшін әскери институтқа оқуғ түстім. Оқытушылар құрамы өте мықты. Біз олардың сенімін ақтаймыз деп ойлаймын.

Ресми сәт аяқталған соң жиылғандар әскери институт өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдар бірлесе әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалады.

Инеш Шоқақова