Мәдениет

Өнер майталманының шеберлік сағаты



 

«Дегдар» гуманитарлық қорының қолдауымен бастау алған қайырымдылық кештері екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Кездесу барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев музыкалық оқу орындарының студенттеріне тегін шеберлік сыныптарын өткізді.

Тимур Урманчеев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Ж. Жабаев атындағы мемлекеттік филармонияның солисі, Өнер университетінің доценті, пианист:
– Аталмыш жоба жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті дарытуға, ҰОС ардагерлерін құрметтеуге арналып отыр. Менің айтарым бүгінгі жас дарындар – ертеңгі өнер жұлдыздары. Олар алда үлкен сахналарды бағындырады, халықтың ілтипатына ие болады. Оларға қолдау көрсету біздің басты міндеміз.

Пианино шеберінен сабақ алғандардың қатарында Кристина Голиян да бар. Ұлағатты ұстаз шәкіртке музыканы жан дүниемен сезіну, әуеннің ырғағын нақышына келтіріп ойнауға қатысты кеңестерін берді.

Кристина Голиян, дарынды балаларға мамандандырылған музыкалық-эстетикалық бейіндегі мектеп-интернат – өнер колледжінің 3 курс студенті:
– Дарынды аға буын өкілдерінен сабақ алу біз үшін үлкен мәртебе. Бүгін мен Иоганн Бахтың туындыларын өзге жағынан танып, ырғағына  салып ойнауды үйрендім.

«Дегдар» гуманитарлық қорының ұйымдастыруымен өткізіліп отырған «Ғасырлар тоғысы» қайырымдылық мәдени жобасы сәуірдің 29- ында Алматы қаласында мәресіне жетпек. Оған дейін Семейде бастау алған шара республикамыздың тағы 6 өңірін қамтымақ.

Әсел Күщенғалиева