Мәдениет

Сөз зергерінің мерейтойына арналған көрме



 

Бұл жерден жазушының көзі тірісінде қолданған жеке заттарын көруге болады. Ғабаңның костюмі, аяқ киімі, ер тоқымы, сондай-ақ 70 жылдық мерейтойында сыйға алған домбырасы жұртшылық назарына ұсынылды. Сондай-ақ көрме фотосуреттерге бай. Мұнда жазушының кездесулері, туған жерге келген жылдары бейнеленген.

Рәзипа Тәженова, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының әдебиет бөлімінің меңгерушісі:
– Бүгінгі ашылып отырған көрме «Көркем сөздің зергері» деп аталады. Қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, алып жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің  туғанына 110 жыл толуына байланысты жасалып отыр.

Сонымен қатар, көрме барысында Ғ.Мүсіреповтің көзін көрген өңір зиялылары мен туған-туысқандары сөз зергері жайында естеліктер айтып, жылы лебіздерімен бөлісті. Ғабеңнің немере інісі Екпін Хамитұлының жұбайы Бикен Сералина да кездесуге қатысып, қайын ағасының көпшілік біле бермеййтін мінез-қылықтарын сөз етті.

Бикен Сералина, Ғабит Мүсіреповтің келіні:
– Ол кісінің қасиеттері:  көп тыңдайтын, аз сөйлейтін. Сөзді қатты сөйлемейтін. Ақырын, қоңыр дауыспен сөйлейтін. Немерелерін, қыздарын қатты жақсы көретін.
Келмей қалса сағынып, іздейтін.

Ал Ғ.Мүсіреповпен 1969 жылдан өмірінің соңына дейін жақсы аға-інілік қарым-қатынаста болған Мәдениет қайраткері, белгілі журналист Амандық Жантеміров ол сырт көзге паң көрінгенімен, жүрегі өте мейірімге толы болатын деп еске алады.

Амандық Жантеміров, Мәдениет қайраткері:
Ол кісіні жұрт былай ойлайды: өте қатал адам, адаммен көп тіл табыса бермейтін адам деп ойлайды. Сырт қарағанда. Шын мәніне келгенде ол өте қарапайым, өзінің жүріс-тұрысына, сөйлеген сөзіне өте мән беретін адам еді. Ол кісінің үйінде шығарма жазуын да көрдім. Оның өзін көбінде араб тілінде жазатын.

Көрме шілде айының соңына дейін жалғаспақ.

Әспет Әбдірешова