Аптадағы маңызды жаңалықтар

Шетелдік компания Петропавлдың су желілерін жөндемек

 

Облыс орталығындағы су өткізу магистральдарының бүгінде 80-90 пайызының тозығы жеткен. Су құбырлары кешенді қалпына келтіруді қажет етеді. Бұл бағытта осы күні белгілі бір жұмыстар жүріп жатыр. Бірақ жағдайды түзеу үшін бұл жеткіліксіз. Сондықтан инвестиция тарту қажет. Бұл орайда “Айэлэф Консалтинг Инжинирз” компаниясы өзара тиімді әріптестік орнатуға әзір. Неміс-австриялық фирма инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырады. Және бұл бағыттағы тәжірибеміз мол дейді шетелдік компанияның өкілдері.

 Ашот Сафарян, «INFRA Project Development rusland” ЖШҚ бас директоры:
-Компания 1967 жылдан жұмыс істеп келеді.
Инфрақұрылым саласында ірі жобаларды жүзеге асырамыз. Мұнай, газ құбырлары, көпірлер, энергетика саласында жұмыс істейміз. Ал соңғы үш жылда сумен қамтамасыз ету жүйелерін қалпына келтіру, кешенді тазалау жобаларын қолға алып отырмыз.

Бүгінгі күні компания Ресейде қарқынды жұмыс істеп жатқан көрінеді. Кездесуде шетелдік фирма өкілдері Элиста қаласы бойынша жасалған жобамен таныстырды. Бірінші кезекте қаланың сумен қамтамасыз ету жүйесін зерттеу үшін компания өз мамандарын жібереді. Олар екі аптадай зерттеу жүргізеді. Оның негізінде желілерді қалпына келтіру жоспары мен инвестициялық бағдарлама әзірленеді. Бар жұмыс европалық стандарттарға сай жасалады деп отыр компания өкілдері. Қондырғылар Австриядан жеткізіледі. Бұл мемлекет бүгінде су желілері қондырғыларын шығаруда алдыңғы қатарда. Сөйтіп, шетелдіктер біздің облыста пилоттық жобаны жүзеге асыруға ниетті.

Стивен Томчак, “ILF Consulting engineers of Kazakhstan” басқарушы директоры:
Біз серіктестік орнатуға әзірміз. Ендігі уақытта желілерді кешенді қалпына келтіру бойынша алда тұрған міндеттерді анықтау қажет. Әрине, осы бағытта жүріп жатқан жұмыстар ескеріледі. Бүгінде қалада желілерді жөндеу бойынша белгілі бір жұмыстар жүріп жатқанын білеміз. Біз қажетті зерттеуді жүргізіп, өз ұсыныстарымызды жасаймыз.

Шетелдіктердің жобасы солтүстікқазақстандықтардың қызығушылығын тудырды. Бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік бар.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Жұмыс тобын құрамыз. Оған қала әкімі Болат Жұмабеков төрағалық етеді. Жұмыс тобының құрамына тиісті басқармалардың басшылары кіреді. Облыс орталығындағы магистральдардың жағдайына терең талдау жүргізу қажет. Осының негізінде жақсы жоба әзірлеуге мүмкіндік бар. Сәуірдің екісі бұл жұмыстың қорытындысын жасаймыз.

Алғашқы қадам сәтті жасалса, алдағы уақытта шетелдіктер өзге де салаларда әріптестік орнатуға ынталы.

 

Айымгүл Әбілева