Денсаулық сақтау

Аурулардың алдын алу шаралары



Өткен жылы 100 мыңнан артық солтүстікқазақстандық скринингтік тексерістен өтіпті. Дәрігерлер олардың  20% денсаулықтары сыр бергенін анықтаған. Жүрек-қан айналымының бұзылуынан туындайтын аурулар қашанда бірінші орында. Ондай науқастардың үлесі 6% құрайды. 269 тексерілушіден қатерлі ісік белгілері табылыпты. Осы дерттердің алдын алу жолдары республикалық семинарда қаралды.

 Айымкүл Әлиева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің “Салауатты өмір салты” Ұлттық орталығының  бөлім меңгерушісі:
 – Елімізде 2011 жылы жүрек қан-тамыр аурулары 3 есеге азайды 2010 жылға қарағанда. 2012 жылдан онкологиялық ауруларға көп көңіл бөлініп жатыр. Астанада онкологиялық орталық ашылады, сол арқылы біз осы онкологиялық ауруларды азайтамыз деп отырмыз.

Өңірімізде де бұл қатерлі кеселдің салдарынан өлім-жітім 7% төмендеді. Өкпе ауруына шалдығу ересектер арасында 10%, ал балалар арасында 20% азайды. Бұл – дертті ерте анықтауға ден қоюдың нәтижесі. Скринингтік тексерістің көздегені ауырып ем іздегеннен гөрі сырқаттанбаудың жолын табу дейді ақ халатты абзал жандар.

Раиса Зотова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі “Денсаулықты дамыту” орталығы СҚОФ директоры:
Бұл тексерістер тегін. Адамдар өз денсаулығына немқұрайлы қарамауы керек. Мәселен жүрек қантамыр ауруларынан туындайтын өлім-жітімнің тең жартысы артериялық гипертониядан болады екен. Бірақ, бұл қатерлі кеселге шалдыққандардың  көбі  өздерінің дерті жайлы біле бермейді. Асқынып кетсе  ем қондыру кеш болып қалуы мүмкін. Сондықтан уақыт тауып дәрігердің кеңесін алып отырған жөн.  

Бірінші кезекте бағдарлама аясында жиі науқастанатын ішек, жүрек-қан тамырлары, жатыр мойны мен сүт бездерінің обыры, қант диабеті сынды созылмалы ауруларға басымдық беріледі. Осының аясында қалалық 3-ші емханада күніне орта есеппен 500 петропавлдық қаралады екен. Нәтиже де жоқ емес.

Сәбира Дайырова, № 3 қалалық емхананың бас дәрігерінің орынбасары:
– Алдын ала анықталған аурулар бар. Бірінші деңгейдегі сүт безінің обырына шалдыққан 20-дан артық адамды емдеп жатырмыз. Глаукома бойынша 5 адам, қан тамырлары бойынша 300 адам тіркеуге алынды.

Бұл жүйенің тиімділігін жетілдіру үшін   мәселелердің шешімі ізделетін семинар-кеңес 2 күнге жоспарланған.

Жеңіс Ермұқанов