Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үшінші қалалық ауруханада компьютерлік томограф іске қосылды



 

Компьютерлік томограф диагнозды мейлінше нақты анықтауға мүмкіндік береді. Әрі ауру жылдам анықталады.  2-3 минуттың ішінде барлығы мониторда көрініс табады. Кейін дәрігерлер алынған деректерді бір сағаттай зерттеп, нақты диагноз қояды.

Сергей Карх, 3 қалалық аурухананың сәулелік диагностика бөлімшесінің меңгерушісі:
Компьютерлік томограф қазіргі заманғы озық қондырғы. Ауруды барынша нақты анықтауға мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде тиімді ем жасауға жағдай жасайды.

Күніне компьютерлік томографта 7-8 адамға зерттеу жасалады. Елена Махмутшинаның дертін дәрігерлер омыртқа жарығы деп болжап отыр. Енді жаңа қондырғының көмегімен диагнозды нақтылау мүмкіндігі туып отыр.

Елена Махмутшина:
– Жаңа қондырғының жұмыс істей бастағаны біз үшін жақсы болды. Кеше ауруханаға жатқызды. Ал бүгін томографқа түсіріп, нақты диагноз қойылмақ.
Ауру анықталса, бұл ертерек ем қолдануға мүмкіндік береді.  

Үшінші қалалық ауруханада қазіргі заманғы озық қондырғының жұмыс істей бастағанына он бес күндей болған. Осы уақытта 35 адамға зерттеу жасалыпты. Компьютерлік томографты алуға қаражат республикалық бюджеттен бөлінген. Жаңа қондырғының құны – 180 млн. теңге. Ұлы отан соғысының ардагерлері, 1 және 2 топтағы мүгедектер, көпбалалы аналар, балалар және комада жатқан сырқат жандар үшін тексерілу тегін. Өзге тұрғындар үшін томограф ақысы 8 мың 200 теңге.
 Тағы бір маңызды жайт – биылғы жылы үшінші қалалық ауруханада экстракорпоралдық ұрықтандыру бөлімшесін ашу жоспарланып отыр. Мұнымен қатар үстіміздегі жылы үшінші және облыстық ауруханалардың базасында инсульттық орталық құру да жоспарда бар.

Айымгүл Әбілева