Білім

ҰБТ ережелеріне өзгертулер енгізілді

 

 

Биыл ҰБТ тапсыру мерзімі маусымның 1-і мен 15-і аралығына бекітілген. Мектеп түлектері үшін ең бастысы – емтихандағы сұрақтар мен пәндердің саны және тестілеу уақыты өзгертілмеген. Негізінен жаңашылдықтар ұйымдастыру үрдісіне қатысты. Бұл оқушылардың нақты білім деңгейін анықтау үшін жасалып отыр.

Балшекер Бақтыбаева, облыстық білім басқармасының бас маманы:
– Әрбір пунктте бейнебақылау орнатылады, ұялы байланысты бәсеңдеткіштер мен металліздегіштер қойылады. Әрбір аудиторияда министрлік өкілдері болуы тиіс.  Биылғы жылы ұлттық ЖОО-на өту үшін 70, ал қалғандарына орташа 60 балл жинау тиіс.

Өткен жылы ҰБТ-дегі облыс түлектерінің орташа көрсеткіші – 87,86 ұпайды құраған. «Алтын белгіге» үміткер  109 түлектің 71-і өз білімдерін дәлелдеді. Биыл облысымыздағы білім ошақтарынан 5 мыңнан астам түлек қанат қақпақ. Олардың дені ҰБТ тапсыруға ниет білдіріпті.

Балшекер Бақтыбаева, облыстық білім басқармасының бас маманы:
Өтініштер наурыздың  10-нан сәуірдің  25-не дейін қабылданады. Былтырғы жылы қатысушылардың саны 68 пайызды құрады. Бұл республика бойынша ең төменгі көрсеткіш болды. Биыл 72 пайыз.

Түлектер әдеттегідей облыс бойынша бекітілген 8 пунктте сынақ тапсыратын болады. Оның біреуі облыс орталығында орналасқан. Онда Петропавл қаласы мен Қызылжар, Аққайың, Мамлют аудандарының оқушылары өздерінің 11 жыл бойы оқып – түйгендерін сарапқа салмақ. Осы жауапты сыннан сүрінбей өту үшін өз білімдерін шыңдауға түлектерге 3 айдай ғана уақыт қалды.

Инеш Шоқақова