Балалар

«Жас ұланның» қатары толықты

 

 

Екатерина Киселева 5 сыныпта оқиды. Сабақтағы үлгерімі жақсы ол спортта да үлкен жетістіктерге ие. «Жас ұлан»  республикалық балалар ұйымының қатарына қабылданған Катя жауапкершілік жүктейтін міндеттер арта түсті дейді.

 Екатерина Киселева, облыстық жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушісі:
– Бүгін мені ұйымға қабылдады. Оған қатты қуандым. Өзге оқушылар да осы қатардан көрінгісі келеді. Сол үшін оқуларын жақсы оқып, тырысамыз деп отыр.

Ұйымға қабылданғандарға арнайы төсбелгі мен көк түсті галстук табыс етілді. «Жас ұлан» қатарына қабылданғандар арасында Анастасия Конюшко да бар. Енді “Жас ұлан” атағына лайық болу үшін барынша тырысып, қоғамдық жұмыстарға қатысып, тәртібімізді түзеп, сабағымызды жақсы оқитын боламыз дейді.

Анастасия Конюшко, облыстық жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушісі:
– Беделді ұйымға кіргеннен кейін  өзімізге артылған зор жауапкершілікті абыроймен көтеріп шығуымыз керек. Өзгелерге үлгі боларлықтай іс көрсету керек.  

«Жас ұлан» ұйымының қатарына  оқуда озат, үлгілі және қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатан оқушылар қабылданады.

Рүстем Есенбергенов, «Жас ұлан»  республикалық балалар ұйымының СҚОФ төрағасы:
– Бүгінгі күні еліміздің әр өңірінде «Жас ұлан» құрамына қабылдау өтіп жатыр. Біздің де облысымыз осы іс-шарадан тыс қалған жоқ. «Жас ұлан» ұйымының анты мен жарғысы болады. Сол жарғының қағидалары мен ережелері бүгінгі күні қабылданған балалардың Қазақстанның бәсекеге қабілетті азаматы болып қалыптасуына көп септігін тигізеді деп ойлаймын.

Бүгінгі таңда “Жас Ұлан” қатарында 1350 оқушы бар.

Ризабек Какпенов, облыстық жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат директоры:
– Біздің мектепте 180 бала тәрбиеленді, соның ішінде 25 бала «Жас ұлан» ұйымына қабылданды.  Осы «Жас Ұлан» ұйымына қабылданған балалар басқаларға үлгі болады деп сенім білдіреміз.

Алдағы уақытта ұйым қатарын өзге де оқу үлгерімі жақсы, дарынды балалар толықтыратын болады.

Әспет Әбдірешова