Бизнес және экономика

Есепшілер білімдерін жетілдірді



 

Білім бөлімі мен қалалық оқу ордаларының бас есепшілері қайта даярлау курсынан өтіп, қазақстандық үлгідегі сертификатқа ие болды. Олар 2 ай ішінде «Азаматтық құқық», «Салық» және «Халықаралық бухгалтерлік есеп стандарттары» пәндері бойынша тәлім алды.

Аягөз Барқытова, Петропавл қаласы білім бөлімінің бас есепшісі:
– Қалалық әкімдік бізге қолдау көрсетіп, білімдерімізді жүйелі түрде толықтыруға зор мүмкіндік берді. Күніне 6 сағат оқып, бар білгендерімізді одан әрі жетілдірдік.  

Аталмыш сертификатқа жоғары білімі бар, кем дегенде 5 жыл үздіксіз еңбек еткен мамандар ғана ие бола алады. Курстан өткендердің ішінде есеп-қисапты 30 жылдан артық жүргізіп келетіндер де бар. Айдай Кеңбейілова бұл салаға 31 жылын арнапты. Оқу барысында есеп жүйесіндегі жаңашылдықтармен таныстым дейді ол.

Айдай Кеңбейілова, қазақ мектеп-гимназиясының бас есепшісі:
Біз тек қана есеп емес, сонымен қатар есепті заңмен сәйкестендіре оқыдық. Мысалы, салық төлегенде  түгел салық құқығын білуіміз керек. Сондықтан бұл оқу бізге керек.

Есепшілердің білімін жетілдіру мен қайта даярлауда «Содэль» бухгалтерлік фирмасының зор үлесі бар. Орталық 2005 жылдан бері көптеген есепшілердің біліктіліктілігін көтерген. 2011 жылы орталықта 100-ден аса маман ұлттық үлгідегі сертификатқа ие болды. Бухгалтерлік есеп бағдарламасында бірқатар өзгешеліктер баршылық. Сөйтсе де, аталмыш жүйе бағыттары мемлекеттік ұйым есепшілерінің жұмысын әлдеқайда жеңілдетері сөзсіз деген ойда мамандар.

Наталья Алексеева, «Содэль Бухгалтерлік фирмасы» ЖШС директоры:
– Барлық мекемелерде бухгалтерлер бірыңғай есеп жүйесінде жұмыс атқарады. Сондықтан, мемлекеттік мекеме қызметкерлері үшін атамыш жүйе өте ұтымды. Ал берілген сертификат барлығына бірдей, толық күші бар.

Қазақстандық кәсіби бухгалтер сертификатын “Содэль Бухгалтерлік фирмасы” 26 маманға табыстады. Алдағы уақытта білім жүйесіндегі тағы 14 қызметкер курстан өтеді деп жоспарлануда.

Әсел Күшенғалиева