Белгіленген жерді карта және компастың көмегімен жылдам анықтаған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Жазира Есенеева мәре сызығын алғашқылардың бірі болып кесті. Жұмыла көтерген жүк жеңіл, жарыс барысында қолдан келгенше бір-бірімізге көмек беруге тырыстық дейді ол.
Жазира Есенеева, жарысқа қатысушы, Көкшетау қаласы:
– Жалпы жарыс қиын болған жоқ, бір-бірімізге көмектесіп, бірігіп жұмыс істетдік.
Шығыс Қазақстан облысынан 20-дан астам спортшы келіпті. Рауан Дәулетбаев берілген арақашықтықты 14 минут 24 секундта бағындырды.
Рауан Дәулетбаев, жарысқа қатысушы, Өскемен қаласы:
– Мен үшін ең бастысы – белгіленген пункттерді тез тауып, мәре сызығына алғашқы болып келу болды. Есесіне біздің университет жақсы нәтиже көрсетіп, үздік үштіктің құрамында боламыз деген ниеттеміз.
Спорттық бағдарлау жергілікті жерді танып білуде ең кең тараған интеллектуалды спорт түрі. Сайыстың алғашқы күнінде спринт бағдарламасы бойынша берілген ара қашықтықты 50 студент жүріп өтті. Қыздар – 6, ал ұлдар 7 жерде тіркелулері тиіс.
Ирина Щеглова, бас төреші:
– Бүгін спортшылар спринт бағдарламасы бойынша жарысуда. Бұл шаңғы спорттық бағдарлаудағы ең қысқа қашықтық. Ұлдар мен қыздар арасында ешбір сырғанау аралықтары белгіленбеген. Бақылау нүктелерін тез тауып, сол жерде жылдам белгіленгендер жеңіске жетеді.
Наурыз айының 8,9 жұлдызында спортшылар орта дистанцияда және 3 кезеңді классикалық эстафетада өзара мықтыларды анықтайтын болады.
Әсел Күшенғалиева