Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығын қолдау жалғасын табуда

 

 

Жиында мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін дамыту, ауылшаруашылық тауар өндірушілерін несиелеу барысы сөз болды. Бұл түйткілді мәселелер өңірлік ауылшаруашылық тауар өндірушілері мен кәсіпкерлерді алаңдатуда. Олар аталмыш бағыттарда биыл қандай жаңашылдықтард болып, қаншалықты қолдау көрсетілетіндігін білуге асық.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Елбасы өз Жолдауында ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік салаларын дамытуға баса назар аударды. Бұл салалардың дамуы елдің қоғамдық- саяси тұрақтылығына тікелей байланысты. Мемлекет басшысы елдің агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық потенциалын іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берді.

2012 жылы ауылшаруашылық тауар өндірушілерін «ҚазАгро» холдингінің еншілес ұйымдары арқылы несиелеу қарқыны сақталмақ. Республика бойынша көктемгі егіс және астық жинау науқанын қаржыландыруға холдинг 80 млрд теңге бағыттайтын болады. Сонымен қатар астық қоймаларының құрылысы мен қолда барларын қалпына келтіруді несиелеу көлемі ұлғаяды. Облыс бойынша жалпы көлемі 200 мың тоннаны құрайтын 3 қойманы жаңарту жоспарда бар.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– 2011 жылы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға республикалық бюджеттен 57,8 млрд бағытталды. «ҚазАгро» АҚ несиелік ресурстарынан 51,5 млрд теңге қаражат бөлінген болатын. Бұл салада өткен жылы құны 24 млрд теңгеден астам 150 жоба жүзеге асырылды.

Аймағымызда өсімдік шаруашылығы мен көкөніс өсіруге тың серпін қажет дейді жиынға қатысушылар. Бұл мәселе де жан-жақты талқыланды. Мал шаруашылығын дамытуға байланысты жобалар да назардан тыс қалмады.

Берік Бейсенғалиев, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы:
– Мал шарауашылығының экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында СҚО -да атқарылған іс аз емес. Өткен жылы 3 мыңнан астам ірі қара сатып алынған. Оның дені – ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің  жеке қаражаттарына.
Ал биыл бізге 8 өтініш түсті. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырмақпыз.

Жиын соңында «ҚазАгро» холдингі мен облыс әкімдігі көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру және өзара ынтымақтастық, инновациялық жобаларды іске асыру туралы меморандумға қол қойды. Бұл екі жақ үшін де маңызды істердің жалғасы болмақ.

Инеш Шоқақова