Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс бюджетіне өзгерістер енгізілді

 

 

 

Сессияға дейін облыстық мәслихатта құрылған «Нұр Отан» ХДП депутаттық фракциясының төрағасы сайланды. Нұротандықтардың қолдауымен бұл қызмет Қайрат Пішенбаевқа жүктелді. Фракция бұдан соң облыстық мәслихаттың ІІ сессиясында тіркеуге тұрғызылды. Сессияда  депутаттар облыстық бюджетке толықтырулар мен өзгертулер енгізіп, 2011-2015 жылдарға арналған СҚО аумағын дамыту бағдарламасының орындалу барысын талқылады. Соңғысы бойынша былтыр 64,2 млрд теңге қаражат игеріліпті. Оның 25 млрд-ы облыс қазынасынан.

 Аида Балабаева, СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы:
– Қазіргі таңда облысымызға әлеуметтік сала мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарының құрылысына республикалық бюджеттен қосымша қаражат қажет. Ол үшін 178,7 млн теңге қарастырылуда. Айыртау ауданы Саумалкөл ауылындағы таратушы желілерді қалпына келтіруге 40 млн теңге, сондай-ақ республикалық деңгейдегі жоба-сметалық құжаттарды әзірлеуге 138,7 млн теңге бағытталмақ.  

2012 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау туралы қаулыны халық қалаулылары бірауыздан қолдады. Ал СҚО ІІД бастығы Мұрат Ұрымханов сессияға қатысушыларды 2009-2011 жылдарға жоспарланған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес өңірлік бағдарламасының жүзеге асырылуымен таныстырды. Аталмыш кезеңде 1064 есірткі қылмысы тіркеліп, 512 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты,  34-і ТМД елдерінің азаматтары. Департамент басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың әлі де жалғасатындығын жеткізді. Сессияға қатысқан облыс әкімі Серік Біләлов халық қалаулыларын өңіріміздегі өзекті мәселелермен таныстырып, оны шешуге депутаттық корпустың атсалысуы қажеттігін баса айтты.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Петропавл қаласы бойынша ең өзекті мәселе – тұрғын үй-комммуналдық шаруашылығының жағдайы. Кейбір магистральды су тарату, кәріздік және жылу желілерінің тозығы жеткен. Сондықтан біз ұзындығы 7,5 шақырым Оңтүстік коллекторды жөндеу жайлы ұсыныс жасадық. Оған 1,8 млрд теңге қаражат бағыттау көзделуде.  

Сондай-ақ өңір жетекшісі су тарату желілерінің жөндеу жұмыстарымен айналысатын «Петропавл су» кәсіпорнының қызметкерлеріне қаржылық қолдау қажет екендігін атап өтті. Жиында аудандар мен елді мекендердің тұрғындарын алаңдатып отырған басқа мәселелер де назардан тыс қалмады.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Биыл өңіріміздегі 3 емхана бюджеттік құрылыс бағдарламасына енді. Олар М.Жұмабаев, Есіл және Мамлют аудандарының орталықтарында орналасқан. Бұл ғимараттар заманауи құралғылармен жабдықталып, тұрғындар сұранысына толықтай жауап бермек. Жоспар ауқымды. Оның бәрі бірлесе жұмыс істеудің арқасында ғана нәтиже береді деп ойлаймын.

Өңірімізде сүт өндірісі мен мал шаруашылығын дамыту, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру  және әлеуметтік нысандардың жай-күйін жақсартуға байланысты депутаттар алдағы уақытта өз ұсыныстарын әзірлемек.

Инеш Шоқақова