Көктемгі су тасқынына әзірлік

ТЖД

14:41 21 Ақпан 2012

Биыл қардың көбесі наурыз айының соңында сөгіле бастайды дейді мамандар. Көктемгі жауын-шашын әдеттегіден мол болады. Бірақ Есіл өзеніндегі қардың мөлшері мен жерге түсетін ылғал  аса үлкен су тасқынын әкелмейді. Сондықтан өңір тұрғындарының тасқын болады деп алаңдауларына негіз жоқ.

Азамат Шамғанов, СҚО гидрометеорология орталығының инженер-гидрологы:
– Өткен жылмен салыстырғанда биыл жауған қар мөлшері аз. Ақпан айында да жауын-шашын мөлшері шамадан төмен. Сондықтан су тасқынына деген қауіп жоқ.

Су тасқыны болмайды деген сенім орнаса да, жұмылдыру даярлығы, азаматтық қорғаныс және апаттар мен зілзалалардың алдын алу және жою жөніндегі басқарма қызметкерлері жағдайды үнемі бақылауда ұстап отыр. Бүгінде шұғыл алдын алу істері бойынша 14 жасақ дайындық жұмыстарын жүргізуде. Осы уақытқа дейін 275 арнайы техника әзірліктен өткен.

Тұрлыбек Танақұлов, “СҚО жұмылдыру даярлығы, азаматтық қорғаныс, апаттар мен зілзалалардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру жөніндегі басқармасы” ММ бөлім бастығы:
– Су тасқыны болған жағдайда 83 адам мен 33 техникадан тұратын арнайы топтар мен аймақтық азаматтық қорғаныс жұмылдырылады. 16 жол-көпір топтары мен халықты көшіру үшін 202 техника қолданылады.

Әсіресе, Заречный, Бензострой, Копай, Ойқала аудандары ерекше қадағалануда.
Заречный елді мекенінің тұрғыны Аманғали Сағындықов үй ауласын қардан жиі тазалап отырамын дейді. Өйткені  жиылған қар еріген кезде жеке сектор тұрғындарын әуре-сарсаңға салатыны рас.

Аманғали Сағындықов, Заречный поселкесінің тұрғыны:
– Қар көп жауғанда бірден тазалап отырамыз. Су басып қалмас үшін қарды үй сыртына апарып төгеміз.

Апат болған жағдайда қажетті болуы мүмкін инертті материалдар да әзірленуде. Құм, қиыршық тас пен балшық қоспасының шамамен 64 мың тоннасы дайындалған. «Коммунхоз» кәсіпорны өткен жылдың қараша айынан 20 мың текше метрге жуық қарды  қала сыртына шығарған. Қауырт жұмысқа 14 бригада жұмылдырылған. Жол жиектері мен жаяу жүргіншілер жолын қардан тазарту жұмыстары жалғасуда.

Андрей Немилостивый, «Коммунхоз» МҚК бас инженері:
– Күн сайын қар тазалау жұмыстарына 20-25 техника қатысады. Оның ішіне 5 қар тиеуші, 3 арнайы техника және 10 шақты жүк түсіргіш бар. Бұл шаруаға 183 адам қатысады.

Барлығы қала бойынша қардан тазалау жұмыстарымен 6 коммуналдық кәсіпорын айналысады. Қыс басталғаннан бері олар 150 мың текше метр қарды қала сыртына шығарған.

Әспет Әбдірешова