Аптадағы маңызды жаңалықтар

Денсаулық сақтау саласындағы өткен жылғы жұмыс қорытындыланды



 

Ауырып ем іздегеннен гөрі сырқаттанбаудың жолын тапқан жөн. Өткен жылы 300 мыңнан артық солтүстікқазақстандық дәрігерлердің қарауынан өтіпті. Тексерілгендердің 35 пайызының денсаулықтары сыр бергені анықталған.

Мәриәм Бапанова, СҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары:
– Жүрек-қан айналуының бұзылуынан туындайтын аурулар қашан да бірінші орында. Бұл дертті ерте анықтауға ден қойылды. Осының арқасында 2011 жылы қатерлі кеселдің салдарынан өлім-жітім 7%-ға, аналар өлімі  – 2 есе, нәрестелер өлімі 14% төмендеді. Өкпе ауруына шалдығу ересектер арасында 10%, ал балалар арасында 20% азайды.  

Былтыр жаңа перзентхана салынып, әлеуметтік-психологиялық көмек, санитарлық авиация қызметтері енгізілді. Отырыста сонымен қатар, онкологиялық аурулардың алдын алу шараларын күшейту мәселесі де сөз болды. Өткен жылы орта есеппен 100 мың адамның 269-нан қатерлі ісік белгілері анықталған. Науқастану 4,6 пайызға төмендегенімен обыр кеселінің асқынуынан 50 сырқаттанушы көз жұмған.

 Ермек Әбдрімов, СҚО онкологиялық диспансердің бас дәрігері:
– Көбіне науқастар өкпе ісігіне шалдығып жатады. Әсіресе Шал ақын, Аққайың, Мамлют аудандарында бұл кеселдің өршуіне жол берілген.  

Бүгінде өңіріміздің емдеу мекемелері 4852 орынға шақталған. Облыс тұрғындарына 1500 жоғары білікті дәрігер, 5 мыңнан артық медициналық қызметкер   қызмет көрсетіп жүр. Былтыр ғана 74 жас маман келген. 800-ден астам жоғары және орта білікті маман қайта оқытылды. Десе де әлі де  маман тапшылықғы өзекті болып тұр. Барлығы 208 дәрігер қажет. Бұл ретте Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті көмекке келуге әзір.

Құрал Құрақбаев, Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің әкімшілік жұмыс бойынша департаментінің директоры:
-2011 жылдан кредиттік оқу жүйесіне көштік. Балдық бағалау сапалы маман шығаруымызға септеседі. Күніне 5 жоғары білікті шетелдік маман біздің студенттерімізге дәріс оқиды. Биылдан қашықтықтан білім беру әдісін қолға алмақпыз. Бұл сіздердің мамандарыңыздың жұмыстарын тоқтатпай оқуына мүмкіндік береді.

Жалпы өткен жылы бұл салаға 13 млрд теңге бөлінген. 960 млн теңгенің заманауи құрылғылары сатып алынды. Жиынға қатысқан облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасына медициналық көмек сапасын арттыруға қатысты бірқатар тапсырмаларды жүктеді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Денсаулық сақтау министрлігінің онкологиялық аурулармен күресті күшейтуге арналған бағдарламасының құрылуына өңірлік басқарма да үлес қосуы тиіс. Екіншіден,  материалдық-техникалық базаны жаңартуда жұмыс атқару керек. Үстіміздегі жылы жедел медициналық көмек көрсету орталығы салынуы тиіс. Медициналық кадрларды тарту жұмысы күшейтілсін.

Өңір басшысы салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында тұрғындарды бұқаралық спортқа тартудың маңыздылығына да баса тоқталды.

Жеңіс Ермұқанов