ТЖ

Құтқарушылар спартакиадасы

 

 Құтқарушылар қызметтеріне тікелей қатысты спортты өмірлік серіктеріне айналдырған. Жапа шегушіні ажал аузынан аман алып қалып, төтенше жағдайда шұғыл әрекет етуге қашан да сақадай сай болу қажет. Сондықтан  салауатты өмір салтын қалыптастыратын додалар дәстүрге айналған. 

Ораз Қаршалов:
-Біздің қызметке денсаулығы мықты қызметкерлер қажет.
Сондықтан осы жарысты ұйымдастырып отырмыз. Өткен жылы біздің құрама үшінші орын алған. Биыл тым болмағанда 2-ші орынға көтерілуді жоспарлаймыз. Ол үшін жарты жыл дайындалдық.  

Бұл жолы өзара мықтыны анықтау үшін Ақмола, СҚО құтқарушыларымен қатар Астана, Қостанай қалаларының құрамалары мен Көкшетау техникалық институтының курсанттары келіпті. Жалпы көпсайыс бағдарламасына спорттың төрт түрі енген. Волейбол алаңында алғашқы тартыс Астана мен Қостанай қалаларының құрамалары арасында өтті. Жақсылап сайланған ойыншылар кездесуді ширақ бастап, екі жақ ала допты тордан шебер асыра алатындықтарын танытты. Десе де елордалықтар волейбол снарядын ұтымдырақ меңгере білді. Өстіп ойынның екі бөлігінде де басымдық танытып, қостанайлық қарсыластың мысын басты.

 Сайыскер, Астана қаласы:
Тек жеңіс үшін келдік. Әр ойынды осылай ұтуға тырысамыз. Өмір мен оттың арасында қылдың үстінде жүрген мамандықты таңдағасын спорттық дайындығың жақсы боу керек. Бәріне сәттілік тілеймін.

Үстел теннисі сындары да қызу басталды. СҚО құрамасының  мүшесі Бахыт Кәрімов өткен жылғы сайыстың жеңімпазы. Биыл да атағын абыройлы қорғап, жеңісті жолын жалғастыруға дәмелі.

  Бахыт Кәрімов, сайыскер, СҚО:
5 қарсылас, 4 ойын өткізуім керек. Оның екеуін ұттым , ойыншылар мықты. Қалған екі кездесуде  жеңуге тырысамын.  

Сондай-ақ құтқарушылар шахмат пен шаңғы додаларында шеберліктерін сынауда. Үздік атанып, республикалық кезеңде өңір намысын қорғайтындардың есімі ақпанның 17-інде өтетін ақтық сындардан соң белгілі болмақ.

Жеңіс Ермұқанов