Құқық қорғау органдары

Қару тапсырып, қаражатқа кенелді

 

 

Облыс орталығының тұрғыны Петропавл қалалық ішкі істер басқармасына «АК-74» Калашников автоматын, Макаров тапаншасын, граната және 16 калибрлі тегіс ұңғылы аңшы мылтығын тапсырған. Сонымен қатар 37 жастағы әйел тапаншаға арналған калибрі 9 мм 26 оқты және автоматтың  51 оғын әкеліпті. Әйелдің айтуына қарағанда, бұл қаруды ол жуырда ғана тауып алған. Азаматша Рессейге жол тартқан күйеуінің заттарын жинастырып жатып, осындай дүниеге тап болған екен. Қаруды үйінде сақтап келген ол теледидардан акция жүріп жатқандығын естіп, тапқан заттарын полицейлерге тапсыруға бел буыпты. Қаруды өзі әкеліп  тапсырғаны үшін 300 мың теңгеге жуық сыйақыға ие болады.  

Еркін Хамзин, СҚО ІІД ҚҚБ лицензиялық рұқсат беру бөлімінің аға инспекторы:

-Акцияның басынан Солтүстік Қазақстан облысының ішкі істер органдарына 103 тегіс ұңғылы мылтық, ойық ұңғылы 11 винтовка, 1 тапанша, 1 граната және 3 мыңнан артық оқ-дәрі тапсырылды.

Қазақстан аумағында сыйақы негізінде заңсыз сақтауда жатқан қаруды тапсыру акциясы ақпанның 1-нен басталды. Бұл шара наурыздың 31-не дейін жалғаспақ. Заңсыз сақтауда жатқан тіркелмеген қаруды, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатын болады.

Айдана Демесінова