Құқық қорғау органдары

Облыс полицейлері өткен жылды қорытындылады



 

Алдымен өңір басшысы Қызылжар аудандық ІІБ арнайы техникамен, қызметкерлердің керек-жарақпен қамтылуын байқады. Қазір қызылжарлық тәртіп сақшыларының жедел қызметіне 14 көлік дайын тұр. Серік Біләлов құқық қорғаушылардың ғимаратын аралап, оның жарақтандырылуымен танысты.
Кейін кеңейтілген отырыста өңіріміздің өткен жылғы криминогендік ахуалы сөз болды. Былтыр ІІД  24 мыңға жуық арыз түсіпті. 122 мың тұлға әкімшілік жауапқа тартылған. Барлығы  6642 қылмыс тіркелген.

Мұрат Ұрымханов, СҚО ІІД бастығы:
– 2010 жылмен салыстырғанда қылмыс 42,3% артқандығы байқалады. 900-ден артығы ауыр және аса ауыр қылмыстар. Олардың 91 пайызы ізі суымай ашылды. 4465 іс біреудің мүлкіне қол сұққан ұрыларға қатысты.

Қанды оқиғалардың салдарынан 123 адам мерт болған. Іздеуде жүрген 158 қылмыскер заң алдында жауап беруден  қашып құтыла алмады. Заңсыз есірткі айналымына тосқауыл қою жұмыстары да нәтижелі болыпты.

Мұрат Ұрымханов, СҚО ІІД бастығы:
-2011жылы есірткіге қатысты 257 қылмыс әшкереленді. Көкнәрмен улап жүрген 88 саудагер жауапқа тартылды. Заңсыз айналымнан 303 келіден артық түрлі есірткі заты тәркіленді. Наша шегіп алып, рөлге отырған 115 адам ұсталды.  

Есептік баяндамасынан соң облыстық ІІД бастығы Мұрат Ұрымханов өңір жетекшісіне шешімін күттірмейтін мәселелерде қол ұшын беруін сұрады.

Мұрат Ұрымханов, СҚО ІІД бастығы:
-Уалиханов ауданының Кішкенекөл ауылындағы ішкі істер бөліміне уақытша ұстау абақтысы қажет. 14 адамға шақталған мекеменің құрылысына шамамен 60 млн теңге керек.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Бүгіннен қалдырмай құжаттарды әзірлеу керек. Ақпанның 24-інде өтетін сессияда бұл мәселені шешуге тырысамыз. Барлық сметалық құжат осыған дейін дайын болсын.  

Сондай-ақ Тайынша аудандық ІІБ әкімшілік ғимаратын салуға да 50 млн теңге қажет екен. Өңір басшысы бұл ұсыныстың да назарсыз қалмайтынын жеткізді. Қалалық көші-қон және жол полициясы бөлімдеріне де ғимарат қажет екен. Өңір жетекшісі оларға Аграрлық үйдің бір қанаты берілетінін айтты. Соңғы рет ішкі істер органдарындағы жеке құрамның формасы 2008 жылы жаңартылыпты. Бүгінде қызметтік форманың әбден тозығы жеткен. Серік Біләлов бұл мәселе де жұмыс тәртібінде шешілетінін жеткізді. Енді бір мәселе – тұрғылықты мекені жоқ жандарға уақытша бейімдеу орталығын салу.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Биыл 200-300 орындық ғимарат қарастыру қажет. Қыстың ортасы ғана, ал осы уақытта 60 адам қатып қалған. Көп кешіктірмей бұл олқылықтың орнын толтыру қажет.
 

Тәуелсіздік жылдары еліміздегі құқық қорғау жүйесі заман ағымына сай қоғамды одан әрі ізгілендіру мақсатында бірқатар реформаларды бастан кешірді. Үстіміздегі жылдың өзіне полицейлерді техникалық жарақтандыруға республикалық қазынадан 3,6 млрд теңге бөлініпті. Қоғамдық тәртіп күзетінде өз ісінің хас шеберлері жүруі керек. Сондықтан Елбасы кезекті жолдауында құқық қорғау органдарының қызметкерлерін алдағы 4 айдың ішінде жаппай сынақтан өткізуді тапсырды. Өңір басшысы бұл тың шаруаға жаупкершілікпен қарау қажеттігін  атап көрсетті.

Жиын соңында қызметіне адал, сертіне берік тәртіп сақшылары өңір жетекшісінің қолынан құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын алды. Облыс әкімінің жүлдесіне ойналған волейбол додасының жеңімпаздары да марапатталып, ақшалай сыйақыға ие болды.

Жеңіс Ермұқанов