Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ақпанның 15-і – ауған соғысында қаза тапқандарды еске алу күні

 

Өңірімізде жыл сайын қаңтардың 15-і ауған соғысында қаза тапқандардың құрметіне қойылған ескерткіштің маңайына жиылып,  интернационалист-жауынгерлерді еске алу дәстүрге айналған. Бүгін бұл жерге ауған соғысының, Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагерлері, депутаттар, әскерилер, жастар келіп көз жұмғандардың рухына тағзым етті. Ескерткішке бірінші болып облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов пен қала әкімі Болат Жұмабеков гүл шоғын қойды.
10 жылға созылған қанды шайқастарға 1500 солтүстікқазақстандық қатысыпты. 6 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы бұйырды. Бейбіт күнде қолына қару алып, қиын-қыстауды басынан өткергендердің бірі – Бауыржан Досжанов жыл сайын осы жерге келіп, қаруластарына тағзым етеді екен. Мемлекетіміздің өз ерлерін ұмытпай, қолдау көрсететіні қуантады дейді ауған соғысының ардагері.

Бауыржан Досжанов, ауған соғысының ардагері:
– Мемлекет тарапынан жыл сайын көмектер беріп жатыр. Транспортта тегін жүру, автобус, троллейбус деген сияқты. Жыл сайын пәтерлер беріп тұр. Мен 3 бөлмелі пәтер алдым.  

Мағынасыз соғыс талай ата-ананы ұлынан айырып, жылатты. Солтүстікқазақстандық 46 жауынгер майданда ерлікпен қаза тауып, кіндік қаны тамған жерге қайтпаған. Солардың бірі – Борис Вашутиннің жалғыз ұлы.

Борис Вашутин, зейнеткер:
-Тапсырманы орындаған еді. Адамдарды құтқару үшін ұшып бара жатқанда ұшақтарына оқ тиген. Осылайша ұлым көз жұмды, ал ұшақ жерге құлады.

Талай жүректі зар жылатқан заманды басынан кешірген жандардың тілегі бір. Ұрпағымыз біз көрген зұлымдықты көрмесін дейді ардагерлер

Айдана Демесінова