Спорт

Жас барыстар жарысы

Жәдігер Хамиев екі жекпе-жекте де қарсыластарын ойсырата ұтты. Ол Айыртау және Қызылжар аудандарынан келген палуандармен күш таластырды. Енді ақтық сынға шығу үшін ол Мамлют ауданының палуанымен жекпе-жекке шығып, тағы да жеңіске жетті. Ұлттық спорт түрі – қазақша күреспен Жәдігер он жыл шұғылданады екен. Осы уақытта көптеген өңірлік және республикалық додалардың жүлдегері болды. 2009 жылы облыс чемпионы атанған.
Қазақша күреске деген қызығушылық жыл өткен сайын артып келеді дейді ұйымдастырушылар. Бұл жолы да ашық біріншілікке өңірдің мықты палуандары жиналды. Барлығы 120 адам. Сайыс 20 салмақ дәрежесі бойынша өтті. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері арасында өткен 2 күндік сайыс нәтижесінде ересектер тобында Батырхан Айсин чемпион атанды. Ғ.Мүсірепов ауданының палуанына “Жас барыс” атағы берілді. Ал жасы кіші спортшылар тобында бұл атаққа дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Ерасыл Жанатаев лайық деп табылды.

Айымгүл Әбілева