Осыдан он жыл бұрын жергілікті әуежайдың 100 пайыз акциялары мемлекеттің меншігінде болған. Бірақ 2003 жылы акциялардың 60 пайызы сатылып кеткен. Бұдан кейін де бірнеше рет сатылып, 2007 жылы кәсіпорынның бағалы қағаздары «Altyn Estate» ЖШС-нің меншігіне өтеді. Ал 2008 жылы көлік прокуратурасы мен қаржы басқармасы «VIP AVIA» мен «Altyn Estate» компаниялары арасында жасалған келісімді заңсыз деп тану үшін сотқа жүгінген.
Нұрболат Қатуов, Солтүстік Қазақстан көлік прокуроры:
– Қазіргі күні талап-арыздар бойынша соттың шешімі шықты. Яғни, келісім заңсыз деп танылып, қазіргі уақытта әуежайдың 60 пайыз акциясын мемлекет меншігіне беру жүріп жатыр. Атқару өндірісі бар қазіргі уақытта, яғни сот шешімін орындайтын органның құзырында.
Сөйтіп жуық арада Петропавл халықаралық әуежайы мемлекет меншігіне толықтай өтпек. Ал облыстық әкімдік қарауына өткеннен кейін кәсіпорында анықталған кемшіліктер жойылады деп отыр көлік прокурорлары. Қазіргі уақытта әуежайдағы ұшу алаңдары күрделі жөндеуді қажет етеді. Олар қауіпсіздік талаптарына жауап бермейді. Бірақ бұған қарамастан әуежай қазіргі күні жұмыс істеп тұр.
Нұрболат Қатуов, Солтүстік Қазақстан көлік прокуроры:
-Тексеріс барысында анықталғандай, әуежайдың негізгі пайдалану жағдайы өте қанағаттанарлықсыз. Алайда мемлекеттік органдардың берген тексеру нәтижесі бойынша ауыр емес, жеңіл ұшақтардың ұшып-қонуына рұқсат етілген. Барлық анықталған заңбұзушылықтар әуежай мемлекет меншігіне берілгеннен кейін заңдастырылады.
Мұнымен қатар әуежай қызметкерлеріне еңбекақылары уақытында төленбеген. Сөйтіп, бірнеше жылда 42 млн. теңгеден артық берешек жиналған. Бұл қарызды өндіріп алу үшін көлік прокурорлары үлкен жұмыс атқарыпты.
Нұрболат Қатуов, Солтүстік Қазақстан көлік прокуроры:
– 2011 жылы жасалған жұмыстың нәтижесінде прокурорлық актілердің нәтижесінде 114 адамға қатысты 19 млн. астам жалақылары өндіріліп алынды.
Әуежай қызметкерлерінің еңбекақылары толығымен төленеді дейді прокурорлар. Бүгінгі күні бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Айымгүл Әбілева