Денсаулық сақтау

Тұмаудың алдын алу шаралары жалғасуда

 

 

 

Эпидемиологиялық маусым қазанда басталғанымен, өткір респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмауға шалдығу қаңтар-ақпан айларында жиілей түсетіні белгілі. Сондықтан мамандар дерттің алдын-алу шараларын сол қарқынмен жалғастыруда. Әсіресе, ағзаны әлсіретуші аурулардан балалардың сақтануына ерекше көңіл бөлінуде.

Фарида Мұхамеджанова, санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау комитетінің СҚО бойынша департаментінің бөлім бастығы:
– Өткір респираторлық вирустық инфекцияға шалдыққандардың 73 пайызы 14 жасқа толмаған балалар. Облысымызда эпидемияға қарсы бірқатар шаралар жүргізілуде. Мәселен, емханалардың жұмыс уақыты ұзартылды, оқушылардың сабаққа қатысуы да үнемі тексеріліп отырады.

Былтыр тұмауға қарсы вакцинаның 60 мың дозасы сатып алынып, өңір тұрғындарына егіліпті. Оның әсері жоқ емес.Тұрғындардың дені бұл инфекцияға шалдықпағандарын айтады. Олардың әрқайсысында аурудан қорғанудың өз тәсілі бар екен.

– Мен қазір ауырмаймын. Ауырмау үшін жылы киіну керек. Сосын таңертең салқын сумен жуынамын.
– Тұмаумен ауырған жоқпын. Оксолин майын жағып жүремін. Және дұрыс тамақтанамын.

Жалпы қазан айынан бері тұмауға шалдығудың 5 оқиғасы тіркеліпті. Оның 1-уі – 14 жасқа толмаған бала.

Фарида Мұхамеджанова, санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау комитетінің СҚО бойынша департаментінің бөлім бастығы:
– 2011 жылдың 1 қазанынан бастап өңірімізде 25 741 өткір респираторлық инфекцияға шалдығу оқиғасы тіркелді. Оның ішінде тұмаудың 5 оқиғасы зертханалық түрде дәлелденді. Оған 14 жасқа толмаған бала мен жүкті әйел адам да шалдыққан.  

Ал наурыз айында ағзаны әлсіретуші аурудың тарауының жаңа кезеңі басталмақ. Сондықтан облыс аумағында тұмау мен вирустың алдын алу шаралары әлі де жалғасатын болады.

Инеш Шоқақова