Салық басқармасы

Салық департаменті хабарлайды

 

 

 

 

Бүгінде өңірімізде баспананы жалға берумен айналысатын 1024 кәсіпкер тіркелген. Басым көпшілігінің негізгі күнкөрісі жеке пәтерлерін басқаның мұқтажына тапсырумен тікелей байланысты. Сондықтан біршамасы бұндай қызмет көрсетемін деп хабарландыру бергенімен кәсібін жасырып, салық төлеуден қашқақтайтын көрінеді. Енді бірі жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, құжат жинау ұзақ уақытты талап етеді деп сылтауратады екен. Мамандар бүгінде жеке тұлғаның бұл ісін заңдастырудың барынша жеңілдегенін айтады.

Жаңыл Қабдөшева, СҚО салық департаментінің  бас маманы:
– Жеке кәсіпкер мемлекеттік тіркеу үшін 3024 теңге алымды төлегені туралы түбіртекті, фотосурет, жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасын ұсына отырып, оның көшірмесін, орналасқан жерін растайтын құжатты тапсыруы керек. Үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, салық төлеуші жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәлік алады.

Бұндай құжатқа ие болған кәсіпкер бар болғаны 2 пайыз мөлшерінде жеке табыс салығын төлейтін болады. Сонымен қатар сәйкесінше әлеуметтік зейнетақы жарналарын аударуы тиіс. Егерде жеке кәсіпкер бірнеше пәтерді жалға беретін болса, онда бұл өтем 3 пайызға дейін көтеріледі.

Жаңыл Қабдөшева, СҚО салық департаментінің  бас маманы:
-“Жеке кәсіпкерлік туралы” заңға сәйкес жеке тұлға жалға беруші тұрақты негізде жұмысшылардың еңбегін пайдаланбаған жағдайда жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы. Осындай табыс алған жеке тұлға 240 нысан бойынша декларацияны кейінгі жылдың 31-ші наурызынан кешіктірмей тұрғылықты жері бойынша салық органына ұсынуға міндетті.

Тек бұл жағдайда салықты 10 күннің ішінде 10 пайыздық ставкамен өтеу қажет.

Жаңыл Қабдөшева, СҚО салық департаментінің  бас маманы:
-2%, 3% ставка бойынша немесе 10% ставка бойынша салық төлеуді әрбірі өзі шешеді. Бірақ салықтарды төлеуден жалтарғаны үшін жауапкершілік жайлы есте сақтау қажет.

Белгілеген уақыттан кешіккендер салықты өтеумен қатар 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін айыппұл төлеуге мәжбүр болады.

 Жеңіс Ермұқанов