Білім

Өңір оқушылары халықаралық байқауда топ жарды



 

Жалпы білім беретін мектеп-лицейдің 11сынып оқушысы Сәния Ескендір физика сабағына ерекше қызығушылық танытатындардың бірі. Ол оқу бағдарламасымен шектеліп қана қоймай, сабақтан тыс уақытын да осы пәнге арнайды екен. Талай жарыстарға қатысып та өз бағын сынауда. Ресейдің Протвино қаласында өткен жас физиктердің сайысында оның жобасы жақсы бағаға ие болыпты.

Сәния Ескендір, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицей оқушысы:
– Сайыста жобаларды қорғау көрме түрінде өтті. Ең бастысы – жұмыстардың ғылыми жаңалығына ерекше көңіл бөлінді. Барлығы 300-ге жуық оқушы қатысып, 200-ден астам жоба қорғады.  

Бұл – Сәнияның мұндай дәрежедегі халықаралық сайысқа алғаш қатысуы.Ол мектеп-лицей оқушысы Елжас Байғазинмен бірлесіп лазер арқылы нақты ақпарат алуға арналған жоба әзірлеген болатын.

Сәния Ескендір, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицей оқушысы:
Біз лазерлік аппаратураның бағытын реттеуге арналған сызбалар құрастырдық Жобаны ақпаратты өңдеуге және медицина саласында қолдануға болады. Жұмысымызды жарты жылдай жасадық, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де зерттеулер жүргіздік. Ғылыми жетекшілеріміз өте көп көмектесті.

Жас физик алдағы уақытта да өз өмірін нақты ғылымдар саласымен байланыстырмақ. Бұған себеп те бар. Халықаралық жарыстағы 1-ші дәрежелі диплом оның иегеріне ҰБТ қатыспай, бірден ЖОО-на түсу мүмкіндігін береді.

Инеш Шоқақова