Экспортқа шығарылатын өнімнің көлемін ұлғайту мақсатында елімізде жағдайлар жасалған. Кәсіпорын иелерінің бұл салада биік белестерді бағындыруы үшін «Экспорттық-несиелік сақтандыру корпорациясы» жемісті еңбек атқарып келеді. Ұйым бұл бағытта туындаған түрлі түйіткілдерді тарқату үшін өз бағдарламасын ұсынып отыр. Бастысы акционерлік қоғам отандық тауар өндірушілерге шетелге шығуға қолдау көрсетеді екен.
Гүлнар Хасенова, «Экспорттық-несие сақтандыру корпорациясы» басқарма төрағасының орынбасары:
– Біздің міндетіміз – екі жақтың сыртқы экономикалық келісімшарт міндеттерін орындамаудан сақтандыру болып табылады. Біз сақтандырып қана қоймай, сонымен қатар қаржыландыру ісін де жүзеге асырамыз. Яғни қазақстандық өнімді сатып алушыларды олардың банктері арқылы несиелендіреміз.
Көздегеніне жету үшін отандық өндіріс орындары да аянбай еңбек етуі тиіс. Яғни алдарында өз өнімінің сапасын арттырып, көлемін өсіру міндеті тұр. Сыртқы нарыққа тауарын шығаруға оқталған кәсіпорындардың бірі – Петропавл құрылыс материалдары зауыты. Серіктестік алдағы уақытта өнімін Қазақстан нарығына ғана шығарып қоймай, көршілес елдерге экпорттауды жоспарлап отыр.
Сергей Калюжный, “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС коммерциялық бөлімінің бастығы:
-Біздің зауыт полиэтилен құбыры, сэндвич-панельдер және темір шатыр өнімдерін дайындайды. Жергілікті нарықта бұл тауарлар үлкен сұранысқа ие. Енді жақын арада өнімді Ресей Федерациясына шығармақшымыз.
Бұл мәселе осы дөңгелек үстелде талқылаумен ғана шектелмейді. Мамандар «Экспортшы -2020» бағдарламасы шеңберінде ұсынылып отырған қолдау жайлы өндіріс орындарына да барып баяндамақ.
Айдана Демесінова