Аптадағы маңызды жаңалықтар

Араб елінен инвесторлар келді

 

 

 

Шейх Абдул Маджид Әл Фахим облыс әкімінің шақыруымен өңірімізге арнайы келген. Мақсат – өзара тиімді әріптестік жолдарын қарастыру. Жиында ең алдымен Серік Біләлов Біріккен Араб Әмірліктерінен келген инвесторды облыстың әлеуетімен таныстырды. Бірлескен бизнес жобаларды ауыл шаруашылығы мен машина жасау салаларында қолға алу мүмкіндігі бар.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Облыста экономиканың ең басты саласы – ауыл шаруашылығы болып табылады. Біздің өңір еліміздегі ең негізгі астықты өлке санатында. Ал машина жасау зауыттары мен кәсіпорындары мұнай өндіру және өңдеу, темір жол, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларына қондырғылар шығарады.

Бүгінгі күні мемлекет басшысы елімізде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға және бизнесті дамытуға үлкен көңіл бөледі. Мұны шетелдік мейман да атап өтті. Бұл орайда “Dubai Pearl ” компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы бірлесе жұмыс жасап, әріптестік орнатуға ниетті екенін білдірді.

Абдул Маджид Әл Фахим, “Dubai Pearl ” компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:
-Әріптестік орнатуға болатын түрлі салалар бар. Біз бірлесе жұмыс жасауға әзірміз. Өзара тиімді серіктестік орнатуға ынталымыз. Қызықтырған жобаларға инвестиция құяға даярмыз. Осылайша жұмысты бастасақ, кейін өзге инвесторлардың да ұсыныстары пайда болуы мүмкін.

Алғашқы бірлескен бизнес-жобалар көп ұзамай жүзеге асырыла бастамақ. Өңірде бидай өңдейтін үлкен кешен бой көтереді. Бұл жобаны “Dubai Pearl ” компаниясы “Голдхейн инвестменс лимитед” компаниясымен бірлесе қолға алуды жоспарлап отыр.

Давид Варагян, «Goldhein investments limited» компаниясының президенті:
-Бидай өңдейтін зауыт салу көзделіп отыр. 330 мың тонна астық сақтау қоймасы болады. Егістен бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық кезең қамтылмақ. Сұраныс бар. Сондықтан іске кірісеміз.

Келіссөздер аяқталған соң тараптар әріптестік ниеттерін құжат жүзінде бекітуді көздеп отыр. Тағы бір жоба – облыс орталығында ірі сауда орталығын салу межеленген. Оны ” Dubai Pearl” компаниясы қытай сауда корпорациясымен іске асырмақ. Қалада құрылысы тоқтап тұрған нысандардың бірін қалпына келтіреміз, не болмаса жаңадан тұрғызамыз деп отыр инвесторлар. Ең бастығы өзара тиімді әріптестік орнату үшін алғашқы адам жасау қажет деген пікірде тараптар.

Айымгүл Әбілева