Спорт

Туристер жарысы

Қаһарлы аязға қарамай дүбірлі додада бағын сынауға 56 сайыскер жиылыпты. Жарысқа 5-11 сынып оқушылары қатысты. Сайыс талаптарына сәйкес жеткіншектер шаңғымен жүгіріп, түрлі кедергілерден өту, шатыр тұрғызу, от жағу, қиын жағдайға тап болған жолдастарын тасымалдау сияқты сындардан өтті. Жалпы жарыс 2 кезеңнен тұрды. Алғашқысында қатысушылардың жеке мүмкіндіктері сыналса, екіншісінде топтың нәтижелері ескерілді.

Николай Амельченко, «Планета» туристік орталығының туризм бойынша нұсқаушысы:
-Жарысты спорттың бұл түрін кеңірек насихаттау мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Мұнда шаңғы туризмінің техникасын жақсы білетін, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын топ жеңіске жетеді.  

Асхат Сүлейменов үшін бұл қатарластарымен алғаш рет бәсекеге түсуі екен. Спорттың осы түріне ден қойғанына 2 жыл болыпты.

Асхат Сүлейменов, «Эверест» құрамасының мүшесі:
-Бүгінгі жарыс жақсы өтті. Мен мынау спортты өзім үшін таңдадым. Біздің команда жеңеді деп ойлаймын.

Додаға Көкшетау қаласының әуесқой туристері де ат терлетіп келген. Мұндай сындар денені шынықтырады, денсаулыққа пайдалы, әрі жаңа достарды табуға зор мүмкіндік дейді олар.

 Жазира Мырзағұлова , «ЗиТо» құрамасының мүшесі, Көкшетау қаласы:
-Спортпен айналысу өте ұнайды. Жылдамдыққа деген қызығушылығым мол. Сондықтан да шаңғы тебу сүйікті істерімнің бірі.
Алина Анисимова,  «ЗиТо» құрамасының мүшесі, Көкшетау қаласы:
-Осы сайысты көптен күткен едік. Біздің қаламызда да жарыстар өтеді. Дегенмен мұндағымен салыстыруға болмайды. Өйткені мұнда сындар өте көп әрі бәсекелестік жақсы. Осындай додаларда жиі кездессек пе деймін.

 Айдана Демесінова