Ауыл шаруашылығы

Шаруашылықтарда асыл тұқымды мал басы көбейіп келеді

 

 

 

Қызылжар ауданындағы «Щеглов» шаруа қожалығы етті асыл тұқымды мал басын асырайды. Ферманың жұмыс істеп жатқанына биыл бес жыл болған. Шаруашылықта сиырдан басқа қой, жылқы және шошқа өсіріледі. Өткен жылы етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында қожалық  78 қазақтың ақ бас етті мұқыл сиыры мен 3 бұқа сатып алды. Ірі қара мұнда Тайынша ауданындағы «Алабота» серіктестігінен жеткізілген.

Олег Кузовлев,  «Щеглов» шаруа қожалығының зоотехнигі:
– Өткен жылдың маусым айынан жыл соңына дейін малды сатып алумен айналыстық. Біз Елбасының жолдауына сай жұмысымызды жүргізіп жатырмыз.  

Ақ бас сиырлар қыстың қақаған суығы мен жаздаң аптап ыстығына өте төзімді. Осы уақытқа дейін мұнда 20 сиыр бұзаулапты.

Серік Күлшіков,  “Щеглов» шаруа қожалығының мал дәрігері:
– Ақ бастарды күтіп жатырмыз. Бәрі жақсы, сиырлар бұзаулап жатыр.  

Өңірдегі мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың бірі – «СБИ -Агро Ташкентка» серіктестігі. Асыл тұқымды симментал қара малдың мұнда 512 басы өткен жылдың жазында әкелінгін. Негізінен олар Австриядан, ал қалғандары Германиядан жеткізіліпті.

 Сырғабек Байжанов, Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің мал шаруашылығы секторының мал дәрігері:
– «СБИ-Агро Ташкентка» ЖШС бүгінгі күні ауданымыздағы ең қарқынды дамып келе жатқан шаруашылықтардың бірі. Бүгінгі күні шаруашылықта 10 адам жұмыс істейді.  

Шетелден әкелінген малдар үшін барлық жағдай жасалған. Талапқа сай жемазық қоры бар. Оның өзі әралуандығымен ерекшеленеді. Жүгері, сұлы, тіпті, сәбіз, қызылша, картоп сынды көкөністер жемазық қорын толықтырып тұр. Ал малдарды жел мен суықтан қорғау үшін арнайы қалқалар жасалған.

Нұрымбет Бекмағамбетов,  «СБИ -АгроТашкентка» ЖШС зоотехнигі:
Малдардың өнімділігі өте жоғары. Біздің жұмыс істеуіміз үшін барлық жағдай жасалып отыр.

Алдағы уақытта серіктестік асыл тұқымды мал басын ұлғайту жұмыстарын жалғастыруды көздеп отыр.

Әспет Әбдірешова