Құқық қорғау органдары

Жаңа онжылдықта – жаңа құқық қорғау жүйесі

 

 

 

Егеменді елдің басты байлығы  – бірлігі жарасқан халық. Сондықтан отандастарымыздың тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті өз ісінің   шеберлері қадағалау керек. Президент кезекті жолдауында бұл жұмысқа тек қызметін мінсіз орындайтын тәртіп сақшыларын жұмылдыру керектігін алға тартты. Ол үшін Нұрсұлтан Назарбаев алдағы шілде айына дейін құқық қорғау органдарының жеке құрамын түгелдей сынақтан өткізуді тапсырды.

 Ақан Сыздықов,  СҚО ІІД жедел криминалистикалық басқармасының бастығы:
-Бұл өте дұрыс шешім. Ішкі істер органдарында тек сертіне берік, қызметінде адал, білікті полицейлер ғана қалуы керек. Бұл әрбір қазақстандық үшін маңызды. Жауапты қызмет болғандықтан айналаңда сенімді әріптестің болғаны жақсы. Есесіне қылмыстардың ашылуы мен заң бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарының көрсеткіші артады.
 

Әсіресе шенді қызметкерлерге жемқорлықпен күресте үлкен міндет жүктеліп отыр. Мемлекеттің экономикасына елеулі нұқсан келтіретін әлеуметтік дерттің тамырына балта шабу үшін Елбасы үш айдың ішінде кешенді бағдарлама құруды жүктеді.

Ақан Сыздықов,  СҚО ІІД жедел криминалистикалық басқармасының бастығы:
-Ол бағдарламаға жемқорлықпен күресте тәжірибесі бар елдердің үздік құқықтық механизмдері, ақпараттық мүмкіндіктері енуі тиіс деп көрсетілді жылдың бас құжатында. Пара беріп, оны қалтаға басқандар, араларында делдал болғандарды жазалаумен шектелуге ғана болмайды.
Оған жеткізбес үшін алдын алу шараларын кешенді түрде күшейткен абзал. Біз бұл қоғамдық дертті ауыздықтауда қолдан келгеннен аянбаймыз.

Өңіріміздің тәртіп сақшылары жылдың бас құжатында бірыңғай экономикалық кеңістіктегі елдердің бірлескен еуразиялық полициясының құрылуын да қолдап отыр. Жалпы тәуелсіздік жылдары еліміздің құқық қорғау саласы заман ағымына сай қоғамды одан әрі ізгілендіру мақсатында бірқатар реформаларды бастан өткерді. Бұған  қоғамдық тәртіп күзетінде  20 жылдық еңбек өтілі бар полковник Аққан Сыздықов куә. Жедел криминалистикалық басқарманың бастығы соңғы уақытта көптеген қылмыстардың ізі суымай ашылуы біршама өскенін айтады.

Ақан Сыздықов,  СҚО ІІД жедел криминалистикалық басқармасының бастығы:
Өткен жылы біз барлық тіркелген қылмыс орнының 80 пайызын тексеру үшін 5 мың мәрте шықтық. Оның тең жартысы бойынша криминалистік, сараптама, зерттеу жүргізу керек болды. Біздің бөлімше бар керек жарақпен қамтылған. Соның арқасында мыңнан артық  ауыр қылмыстар ашылды.   

Ақан Сыздықов Жолдау жүктеген міндеттерді орындау жұмыс сапасын көтеретініне сенімді.

 

Жеңіс Ермұқанов