Билік

Тайынша ауданының жаңа әкімі тағайындалды

 

 

 

Тайынша аудандық мәслихатының кезектен тыс екінші сессиясының күн тәртібіне аудан әкімі қызметіне Иван Турковтың кандидатурасын бекіту туралы бір мәселе ғана шығарылды. Бұған дейін ауданға басшылық еткен Анатолий Маковский ел Парламентінің төменгі палатасына депутат болып сайланды. Аудан активіне жаңа басшыны облыс әкімі Серік Біләлов таныстырды. Иван Турков мамандығы бойынша қаржы менеджері, құқықтану бакалавры. Еңбек жолын Красноармейск есеп- кассалық орталығынан бастаған. Сондай-ақ салық инспекторы, Абай ауылдық округінің әкімі болып еңбек етіпті. Ал 2007 жылдан Тайынша ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

  Серік Біләлов,  СҚО әкімі:

Иван Иванович Турков Тайынша ауданының тумасы. Білікті маман. Осы уақытқа дейін көптеген қызметте жұмыс істеді. Өзін тек жақсы жағынан ғана таныта білді. Алдағы уақытта халықпен бірлесіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қойған міндеттердің барлығын орындайтындығына сенім білдіремін.  

Иван Турковтың кандитурасын депутаттар бірауыздан қолдады. Өз кезегінде жаңа басшы сенімді ақтауға бар білімі мен тәжірибесін салатынын жеткізді.

  Иван Турков, Тайынша ауданының әкімі:

-Құрметті Серік Сұлтанғазыұлы, маған сенім артып отырғаныңызға үлкен алғысымды білдіремін. Келешекте әріптестеріммен бірлесе аянбай қызмет жасаймын. Аймағымның гүлденуіне бар үлесімді қосамын. Тайынша – облысымыздағы ірі аудандардың бірі. Сондықтан білімім мен жігерім тек халқым үшін.  

Кездесуде мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айқындаған мақсат-міндеттер талқыланды. Жолдауда белгіленген бағыт-бағдарды аудан тұрғындары қолдап отыр. Жоспар орасан, жұмыс ауқымды. Енді тек қажырлы еңбек ету қажет. Бұл орайда облыс әкімі жаңадан тағайындалған аудан жетекшісінің алдына биыл атқарылуы тиіс бірқатар міндеттерді жүктеді.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:

-Шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен көңіл бөлу қажет. Сондай-ақ ауданда қылмыс деңгейін азайтуды тапсырамын. Мұнымен қоса мал шаруашылығын дамыту міндеті тұр. Биыл ауданда кем дегенде бір бордақылау алаңын ашуды жүктеймін. Салық базасын ұлғайту да назардан тыс қалмасын. “Жұмыспен қамту-2020” және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламаларының жүзеге асырылуы басты назарда болуы керек. Бюджет қаржысының тиімді жұмсалуы қатаң бақылауға алынсын.

Айымгүл Әбілева