Аптадағы маңызды жаңалықтар

Білім беру сапасын арттыру – басым бағыт

 

 

 

Александра Савинаның математика пәніне қызығушылығы зор. Сабақтан тыс уақытта білімін шыңдап, толықтырып отырғанды жөн көреді.Ал бұл еңбектің нәтижесін оқушы қаңтардың жиырма жетісі өткен облыстық олимпиадада көрсетті. Білім додасына алғаш рет қатысқан Александра бірінші орынға ие болып, ұстаздарының үмітін ақтады.

Александра Савина, Бірінші гимназияның 9 сынып оқушысы:
-Тапсырмалар күрделі болды. Бірақ мен оларды дұрыс орындап, бірінші орын иелендім. Бұл әрине осы гимназия ұстаздары беретін білімнің арқасында келген жеңіс. Математика пәнінің мұғаліміне алғысымды жеткізгім келеді.

Ал Артур Утежанов облыстық олимпиадаға география пәнінен қатысыпты. Бұл кезеңде жеңіске жеткен алғыр оқушы енді наурыз айында өтетін республикалық сайыста да үздіктер қатарынан көрінуді көздеп отыр.  10 сынып оқушысы Герман Бережконың ақпараттық технологияларды игеруге ынтасы зор. Ол жақында Алматы қаласында өткен халықаралық олимпиадаға қатысып қайтқан. Аталған білім додасында 18 елдің оқушылары сынға түсіпті.

Герман Бережко, Бірінші гимназияның 10-сынып оқушысы:
Қола алқа жеңіп алуға маған бір ұпай ғана жетпеді. Бірақ мен мойымаймын. Келесі жылы тағы қатысып, жеңіспен оралуды көздеп отырмын. Жалпы болашағымды ақпараттық технологиялармен байланыстырғым келеді.  

Бірінші гимназия оқушылары көптеген халықаралық және республикалық сайыстардың жеңімпаздары. Мектеп түлектері еліміздің және әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуда. Бүгінде тоғыз адам “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелде оқып жатыр. Бір түлек Назарбаев университетінде білім алуда. Мұның барлығы елімізде білім беруге үлкен көңіл бөлініп отырғандықтан дейді педагогтар. Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында білім сапасын арттыруға айырықша мән береді. Үстіміздегі жылы да маңызды құжатта бұл сала басым бағыттардың бірі болып айқындалған. Мектеп ұстаздары Елбасының биылғы Жолдауын да зор ықыласпен қабылдап, қолдап отыр. Енді олар Жолдау жүктеген міндеттерді орындауға әзір.

  Людмила Чебакова, Бірінші гимназия директоры:
Біз Елбасы айқындаған маңызды мақсат-міндеттердің барлығын қолдаймыз. Әдеттегідей бұл жолы да мемлекет басшысы білім беруге айырықша назар аударды. Ол білім беруді жаңғыртуды жалғастыруымыз қажет деді. Алда ауқымды жұмыстар тұр. Оны орындауға барлығымыз атсалысуымыз қажет.  

Қазіргі уақытта гимназия оқушылары ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып жатыр. Биыл екі түлек – “Алтын белгіге”, ал 8 оқушы – ерекше үлгідегі аттестатқа үміткер екен.

Айымгүл Әбілева