Қоғам

Ардагерлер – Президент Жолдауы туралы

 

 

 

 Республикалық арналар арқылы таратылған Елбасының Қазақстан халқына арнаған жолдауын Пресняковтар жанұясы үлкен ықыласпен тыңдады. Әдеттегідей теледидар алдында жайғасқан ҰОС ардагері Сергей Михайлович пен жары Алла Нұрғалиева Президенттің айтқандарын қағаздарына түртіп отыр. Әсіресе зейнетақы жинақтау қоры жүйесін жетілдіру керек дегенде есту қабілеті нашар құрметті демалысқа шыққан қариялар құлақтарын түріп,  көгілдір экранға жақындай түсті.  90 жасаған Сергей Михайлович 1941 жылы Мәскеу түбіндегі кескілескен ұрыстарға қатысып, ел қорғаған ержүрек жауынгерлердің қатарында болыпты. Кейін солтүстік- батыс майдан шебіндегі шайқастарға қатысқан. Соғыстан кейін күйреген экономиканы көтеруге атсалысты. Кеңес журналистер одағының мүшесі, 20-ға тарта өлкетану кітаптарының авторының өшпес ерлігі мен ерен еңбегі елеусіз қалмады. Қазір қарияның кеудесінде 6 бірдей орден мен 32 медаль жарқырайды. Әсіресе  егеменді жылдары аға буын өкілдеріне жасалып жатқан қамқорлықты сезіп жүргендігін айтады.

 Сергей Пресников, ҰОС ардагері:
– Елбасының барлық жолдаулары халықтың өмірін, әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған. Оны біз ардагерлер қауымы жақсы сезінудеміз. Медициналық көмек сапасы жақсарып жатқаны қуантады. Зейнетақымызды уақтылы алып тұрамыз. Бейбітшілік болса, еліміз де гүлдене береді.  

Ошақ иесі Алла Нұрғалиева 40 жыл ұстаздық еткен. Ол жолдаудың саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеуге қатысты тұсы көңілімнен шықты деп отыр. Отағасымен ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, 6 немере сүйіпті. 70-ті желкелеген бақытты әже немерелерінің заман талабына сай сапалы білім алатын кезге жеткеніне шүкіршілк етеді.

 Алла Нұрғалиева, зейнеткер:
– Бүгінде ауылдардың өзінде білім ошақтары соңғы үлгідегі ақпараттық технологиямен жарақтандырылған . Елбасы білім саласын одан әрі жетілдіреміз дейді. Оқуды қолжетімді қылуды көздеген. Елдің ертеңі бүгінгі оқып біз тәрбиелеп жатқан балғындардың қолында.  

Еліміз тарих үшін қысқа уақыт болғанымен 20 жылда ауыз толтырып айтарлық толағай табыстарға жетті. Мұның бәрі баянды болуы үшін отанымыздың әр азаматы елдің гүлденуіне еңбек етуі тиіс дейді қариялар.

 Жеңіс Ермұқанов