Мәдениет

Кітап қоры жыл сайын молаюда

 

 

  
 Даяна Ешпенова балалар мен жасөспірімдерге арналған кітапхананың тұрақты оқырманы. Бүгін ол кезекті көркем әдебиетті алуға келіпті. Кітаптан көп нәрсені біліп, үйренуге болады дейді ол.

 Даяна Ешпенова, оқырман:
– Бұл кітапханада оқулықтар өте көп. Кітаптарды оқу арқылы есте сақтау қабілетін арттырып, сөз қорыңды молайтуға болады. Бүгін “Абай жолы” эпопеясын алуға келдім.

Бұл кітап ордасынан ертегі, балалар әдебиеті, энциклопедиялар және басқа да оқулықтарды табуға болады. Кітапхана қоры жыл сайын 3200 данаға толығып отырады.

 Гүлжан Әлімжанова, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры:
– Кей азаматтар бізге кітаптарды сыйлап жатады. Осы жылы бізге ардагерлер келіп, 500-ге жуық көркем әдебиеттерді сыйға тартты.  

Мына сөреде сирек кездесетін әдебиеттер тізілген. Мұнда алғаш шыққан басылымдар сақталыпты. Мәселен, Брокгауз және Ефронның   энциклопедиялық сөздігі  1890 жылы жарық көрген.  

 

Гүлжан Әлімжанова, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры:
– Бізде сирек кездесетін және көне кітаптар қоры бар. Мына А.С. Пушкиннің кітабы 1949 жылғы. Бұл қор сақтау бөлімінде орналастырылған, бірақ кей кезде оқу залына да шығарып отырамыз. Бұл әсіресе, жас оқырмандардың қызығушылығын туғызады.

Бұл жерде жаңадан шыққан кітаптар мен журналдарды да кездестіре аламыз. Ағымдағы жылы кітапхана қорын электронды оқулықтармен толықтыру көзделген. Бұл бағытта облыс қазынасынан 1 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Гүлжан Әлімжанова, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры:
 -Электронды оқулыққа деген сұраныс бүгінгі күні артып отыр. Сондықтан біз де көштің соңында қалмай, заман ағымына сай кітапхана қорын толықтыруға тырысамыз.  

Бұл жерге оқырмандар кітап алуға ғана емес, сонымен бірге осында ұйымдастырылатын түрлі шараларға қатысуға да келеді екен. Мұнда жазушылардың мерейтойларына, түрлі мерекеге арналған кештер жиі өтеді.

Гүлжан Әлімжанова, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры:
-Үстіміздегі жылы Ғ.Мүсіреповтың 110 жылдық мерейтойын атап өтпекпіз. Ғылыми-практикалық конференциялар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

Балалардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру үшін оларды қызықтыру керек дейді кітапхана директоры Гүлжан Әлімжанова.

Айдана Демесінова