Бизнес және экономика

Жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асыру

 

 

Петропавл қалалық жұмыспен қамту орталығы былтыр шілде айында пилоттық жоба ретінде құрылған болатын. 6 айда орталық мамандарының атқарған жұмыстары көңіл көншітерлік. Жарты жыл ішінде екі қолға бір күрек таба алмай жүрген 1300-ден артық петропавлдық тұрақты жұмыспен қамтылыпты.

  Абай Қайсин, Петропавл қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры:
968-і мүлдем жұмыссыз отырғандар. 308 адам әлеуметтік қызметтерге тартылды. Бұл көзделген жоспардан екі есе артық. Жаңадан 334 әлеуметтік жұмыс орнын ашу үшін кәсіпорын, ұйымдармен 34 келісім жасалды.  

Бұған республикалық қазынадан бөлінген 21,4 млн теңге толығымен игерілді. Сондай-ақ орталық арқылы еңбекпен қамту бағдарламасының аясында қол қусырып отырған 382 жерлесіміз қайта даярлау курстарынан өтіп, кәсіптік білім алды. Сабақтар 17 мамандық бойынша мемлекет есебінен тегін жүргізілген. Курстан өтушілерге сондай-ақ шәкіртақы төленіпті. Білімдерін жетілдіргендер негізінен жұмыс берушілер тарапынан сұраныс бар аспазшы, электрші дәнекерлеуші, автмеханик мамандықтарының қыр-сырын меңгеріп шыққан.

  Абай Қайсин, Петропавл қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры:
126-сы жаңа мамандықтарды үйреніп алса, 150 адам қайта дарярлықтан өтті деген сертификат алды. Оның 47-сі табысты еңбек етіп жатыр. Өзгелері биыл 6 айдың ішінде жұмысқа тұратын болады. Біліктіліктерін арттырған 106 адамның 48-і өткен жылдың соңына дейін еңбекпен қамтылды. Қалған 58-і міндетті түрде үстіміздегі жылы орналастырылады.

Өміршеңдігін танытып белгіленген жоспарды асыра орындаған жұмыспен қамту орталығына биыл да артылған жүк ауыр. Жыл соңына дейін 170 адамды әлеуметтік жұмысқа тартып, жалақы тапқысы келетін белсенді жастарды оқытып, өндірістік тәжірибеден өткізу көзделген. Бұл мақсатқа республикалық қазынадан 77 млн теңге қарастырылды.

 Жеңіс Ермұқанов