Туризм

Туризмның тасы өрге домалап келеді

Орманды алқаптар мен ауасы кең демалыс орындарына бай өңірімізде соңғы жылдары туризм саласын дамытуға баса көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда облысымызда 12 турагенттік, 5 туроператор мен 2 туристік орталық жұмыс істейді. Сондай-ақ, бұл бағытта қызмет көрсететін сауықтыру нысандары мен жеке кәсіпкерлер де бар.

Серік Жарасбаев – СҚО туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы бастығының орынбасары:

Туризм саласында көрсетілген қызмет түрлері 17,5 пайызға артып, 327,2 млн теңгені құрады. Шеттен кеуші туристер 21,7, ал ішкі туризм 2,3 пайызға артты.

Солтүстіктің табиғатын қызықтаушы туристер қатарының қалыңдай түсуі үшін ішкі туризм бағытын дамыту ерекше маңызды. Бұл тұста биыл бірқатар іс тындырылыпты. Шалқар көліндегі «Тұрпан» демалыс орны қалпына келтіріліп, «Ақбар», «VIP-Солнечный» құрылыс нысандары салынған. Өңіріміздің туризм саласындағы жетістіктері түрлі көрмелерде де жоғары бағаға ие болыпты.

Серік Жарасбаев – СҚО туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы бастығының орынбасары:

Айыртау мен Имантауда туристерді қабылдайтын 7 үй жұмыс істейді. Экскурсия, этношоу, экомаршруттар қарастырылған. 4 көрмеге қатыстық.

Өткен жылы өңірімізде экологиялық туризмді жаңғырту да назардан тыс қалмаған. Облыс орталығының туристік фирмалары тарихи, мәдени ескерткіштер мен жергілікті табиғатты тамашалауға арналған 16 экскурсиялық маршрут құрастырыпты. Биыл да осы жұмыстар жалғасын тауып, демалыс орындарындағы жолдарды жөндеу мәселесіне көңіл бөлінетін көрінеді.

Инеш Шоқақова