Спорт

Шаңғы жарысы

Күннің сықырлаған аязына қарамастан, спортшылардың жарыс алдындағы ынтасы жаман емес. Барлығы бұл спорт додасына 38 шаңғышы қатысты. Оның 12-сі қыздар.

Андрей Жирнов – жарыстың бас төрешісі:

Бүгінгі шаңғы жарысы – облыстық деңгейдегі чемпионат. Онда ерлер арасында балалар және жасөспірімдер, қыздар да осындай жас шамалары бойынша сынға түспек. Бүгін чемпионаттың алғашқы күні спортшылар шаңғы тебудің еркін жүріс түрі бойынша жарысады.

Әлия Расқұлова шаңғы тебумен екі жылдан бері әуестеніп келеді. Бүгінгі сайысқа ол жақсы дайындықпен келіпті.

Әлия Расқұлова – жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

Мен көптеген спорт түрлерімен айналысамын. Соның ішінде, әсіресе, шаңғы тепкенді ұнатамын. Өйткені, мұнда үнемі қозғалыста боласың, әрі өте қызықты.

Марина Вострикова бұған дейін республикалық маңызы бар сындарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген спортшы. Соның айқын дәлеліндей бүгін де мәре сызығын бірінші болып кесті.

Марина Вострикова – жарысқа қатысушы:

Еркін жүрістен болған 10 шақырымдық жол артта қалды. Бүгін күн аяз болғаннан кейін, шаңғымыз дұрыс жүрмеді. Сондықтан біраз қиындықтар болды. Дегенмен мәреге бірінші болып жеттім.

Жалпы турнир үш күнге жалғаспақ. Спортшыларды екінші күні спринт, ал ақырғы күні классикалық шаңғы түрінен өтетін жарыстар күтіп тұр. Ал бұл сындардан мүдірмей өткендер Риддердегі ҚР чемпионатына жолдама алады.

Әспет Әбдірешова