Бизнес және экономика

Кеден Одағы аясында біріңғай экономикалық кеңістік жұмысын бастады

 

2010 жылдың бірінші шілдесінде құрылған Кеден Одағы екі жылға жуық уақыт өткенде тиімділігін көрсетті дейді мамандар. Бұл Одақ қазақстандықтарға Ресей мен Беларусь мемлекеттерінің нарығына барынша кеңірек жол ашып, мүмкіндіктерін молайтуға игі ықпал етті. Мұның айқын мысалы, біздің өңір мен Кеден Одағына мүше елдер арасындағы өзара сауда айналымы – өткен 2010 жылмен салыстырғанда екі еседен артық өскен. Мәселен, 2010 жылы өзара сауда айналымы 235 млн. АҚШ долларын құраса, былтыр он айдың өзінде ғана бұл көрсеткіш 550 млн. АҚШ долларына жетіпті.

Арман Өтегенов – СҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары:

Облыста бірнеше кәсіпорын жұмыс жасайды. Машина жасау кәсіпорындары Ресеймен жұмыс жасайды. Ал, Беларусь мемлекетінің кәсіпорындарымен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері серіктестік орнатқан. Бұл елде ауыл шаруашылығы жақсы дамығанын білеміз.

Жалпы Кеден Одағы шеңберінде облыста отыздан астам кәсіпорын жұмыс жасайды. “ЗИКСТО”, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты”, “Киров атындағы зауыт”, “Мұнаймаш”, “Петропавл құбыр зауыты”, “Қазнефтегазмаш”, “Блок”, “Изолит” секілді өңіріміздің ірі кәсіпорындары Кеден Одағына мүше елдердегі әріптестерімен жақсы қарым-қатынас орнатқан.

Айту керек, бүгінгі күні отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін мемлекет кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді. Бұл ретте “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы бизнес қауымдастығына үлкен көмек. Оның шеңберінде экспорттаушыларға несиесін субсидиялауға және кепілдік алуға жәрдем жасалады.

Мұнымен қатар кәсіпкерлерге «KAZNEX INVEST» ұлттық агенттігі де қолдау көрсетеді. Компания шикізаттық емес экспортты дамытуға және тікелей шетел инвестицияларын тартуға басымдық береді.

Арман Өтегенов – СҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары:

2010 жылы аталған бағдарлама аясында шығынды өтеу бойынша қаржылық қолдауды облысымыздың 3 кәсіпорны пайдаланды. Оның сомасы – 5,6 млн. теңге. Ал 2011 жылы “Экспортер 2020” бағдарламасы аясында 3,6 млн. теңгенің қолдауын 6 кәсіпорын алды.

2012 жылдың бірінші қаңтарынан Кеден Одағы аясында біріңғай экономикалық кеңістік жұмысын бастады. Бұл жаңа қадам – Кеден Одағына мүше елдер арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайта түседі деген пікірде мамандар.

Айымгүл Әбілева