Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Крещение Господне» мейрамы

Православ дінін ұстанушылардың «Крещение» мейрамы дәстүрге сай крест шеруінен басталды. Шіркеуден Есіл өзеніне дейін жол салып келген Солтүстік Қазақстанның христиан жамиғаты Петропавл-Булаев епархиясының жетекшісі епископ Гурий және Сергий Әкеймен бірге құдайға сыйынды. Кейін облысымыздың бас епископы мен протоиерей кресті суға малып, өзенді аластады. Бұл – 2 мың жылдан бергі бәз-баяғы қалпында өзгермей келетін діни мерекенің дәстүрі.

Епископ Гурий – Петропавл-Булаев епархиясының епископы:

Барлық өңір тұрғындары асқа пайдаланатын өзеннің аластатылған суы ерекше қасиетке бөленіп, кез-келген ауруға шипа бола алады. Әдетте мереке күндері қақаған аяз тұрып, ызғарлы жел күшейетін. Бүгін ауа райы тосын сый жасады. Мереке құтты болсын.

Сергий әкей:

Біздің жерімізге Крещение мерекесі келді. Бұл християндардың бірнеше ғасырлық тарихы бар діни рәсімі. Мұндай жерлерден алынған су күндер, айлар түгіл жылдап бүлінбейді. Онымен кез-келген нәрсені аластауға болады.

Осылайша тазартылып ерекше қасиетке бөленген барлық су көздері «иордан сулары» деп аталады. Себебі Иса пайғамбардан бастап ең алғаш шоқынушылар Иордан өзеніне шомылыпты.

Жеңіс Ермұқанов – тілші:

Діни мерекені тойлауға жиналғандардың көбі қыстың суық күніне қарамастан, Есіл өзенінің бойында ойылған құдыққа сүңгіп шығуға асық. Өйткені, бұл күні қасиетті суға шомылу түрлі дерттерге шалдығудан қорғаумен қатар, күнәдан арылтып, жанды тазартады делінеді.

Ольга Белькова мереке күні салқын өзен суына сүңгуге ұзақ дайындалыпты. Қатты тоңып, үсік шалады деп қорыққан нәзік жанды қобалжуын жеңіп, келген мақсатын орындады.

Ольга Белькова:

Алғашқы рет түсуім. Салқын суға шомылсамда өзімді жаңа туғандай жақсы сезініп тұрмын. Шыққан сәтте бойымды сергектік жаулап, ерекше қуат алғандай болдым. Енді аластатылған судың ерекше қасиеті барына шынымен көзім жетті.

Сергей Макаровтың жасы кішкентай болғанымен, крещение мейрамында өзенге шомылуды жақсы дәстүрге айналдырып алыпты.

Сергей Макаров:

Суға шомылу үшін екінші жыл келіп тұрмын. Бұрындары жиі суық тиіп, сырқаттанып қалатынмын. Өткен жылы өзенге түскеннен болар, бар аурулар мені айналып өтті. Ең бастысы денсаулық қой.

Біреулері денсаулықтарын шыңдап, құдайдың берген ерекше суының емдік қасиетін ойылған құдықтарға сүңгу арқылы бойларына дарытып жатқанда, келесілері қажетінде пайдалану үшін ыдыс аяқтарына су толтырып әлек.

Бұл күні мұздың үстіне халық көптеп жиналды. Ал оның қалыңдығы болса, 40 сантиметрден аспайды. Үлкен салмақ түсе қалса, мұздың морт сынып кетуі ғажап емес. Сондықтан жамиғаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сақтық шаралары да ұмытылған жоқ. Құтқарушылар, тәртіп сақшылары мен медицина қызметкерлері Есіл бойын күшейтілген режимде күзетіп жүр.

Қайрат Сәбитов – СҚО суда құтқару қызметінің сүңгуіршісі:

Бүгін толық құраммен шықтық. Жиналғандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 100 пайыз дайынбыз. Арнайы жабдықтарымыз бар. Деседе халықты абай болуды сұраймыз.

Өзен суы қасиетін 3 күн бойы жоғалтпай сақтайды екен. Есілге жету мүмкіндігі болмаған адамдар үшін үйдегі кранның суы жеткілікті көрінеді. Оның да әсері аластатылған өзен суымен бірдей саналады.

Жеңіс Ермұқанов