Бизнес және экономика

Статистика департаментінің мамандары өткен жылды қорытындылады

Статистика департаментінің қызметкерлері жағымды жаңалықтармен бөлісу үшін баспасөз маслихатын ұйымдастырған. Жиында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдымен жерлестеріміздің өмір сүру деңгейімен танысты. Облыста демографиялық жағдай тұрақты. 5 мыңға жуық жас отбасы құрылған. 1000 адамға шаққанда 14 сәби туған. Ал былтырғы жалақының орташа көрсеткіші 2010 жылмен салыстырғанда 18,4 пайызға артып, 60 мың 315 теңгені құрап отыр. Өстіп, өңіріміз халық кірісі бойынша республика өңірлерінің ішінен үшінші орында. Еңбекпен қамту да ел бойынша осы деңгейде екен.

Гүлзиян Ізбасова – СҚО статистика департаменті бастығының орынбасары:

Ауыл, орман және балық шаруашылығы жұмыскерлерінің еңбекақысы 2011 жылдың қаңтар-қараша аралығында 2010 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 26,5%, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметте 25,1%, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы қызметте 19,8% өсті.

Ең жоғарғы жалақыны қаржыгерлер мен сақтандыру компанияларының қызметкерлері алады екен. Орта есеппен ай сайынғы табыстары 91 769 теңгені құрайды. Көлік қатынастарында жүргендердің жалақысы 90 мың теңгенің маңайында. Кіріспен қатар, жерлестеріміздің шығыны да артып келеді.

Гүлзиян Ізбасова – СҚО статистика департаменті бастығының орынбасары:

2011 жылғы желтоқсанда тұтыну нарығында тауар және қызмет көрсету бағалары 2010 жылмен салыстырғанда 8%, оның ішінде азық-түлік тауарлары 7,7%, өзге тауарлар 3,9%, қызмет көрсету саласындағы қызметтер 12,7% өсті.

Мамандар былтыр әр солтүстікқазақстандықтың орташа айлық күнкөріс шегі 13 мың теңгеден сәл асты дейді. Ал өңіріміздің өндіріс орындары 109,2 млрд. теңгенің тауарын шығарды. Бұл облыстар арасында 5-көрсеткіш. Оның тең жартысы азық-түлік өнімдерінің үлесінде. Келесі орында ауыр машина жасау саласы.

Гүлзиян Ізбасова – СҚО статистика департаменті бастығының орынбасары:

2011 жылы қаңтар-желтоқсанда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 358 млрд. теңгені құрап, өсім 58,9 пайыз болды.

Тұрғын-үй құрылысы да қарқын алған. Жерлестерімізді қолжетімді баспанамен қамту үшін 98 943 шаршы метр үй салу үшін 4,8 млрд. теңге жұмсалыпты. 4 коммуналдық-жалдамалы пәтерлер республикалық қазына есебінен тұрғызылды.

Гүлзиян Ізбасова – СҚО статистика департаменті бастығының орынбасары:

«Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша Қызылжар ауданында 90 үй, «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы бойынша Ақжар ауданында 8 үй, Петропавл, Есіл, Мамлют, Тайынша және Тимирязев аудандарында 9 үй жергілікті қаражат есебінен пайдалануға берілді.

Бөлшек тауар айналымы бойынша өңіріміз республикада бірінші орынға көтерілді.

Жеңіс Ермұқанов