Қоғам

Өңіраралық жер инспекция өткен жылды қорытындылады

2011 жылы өңіраралық жер инспекциясының мамандары жерлерді пайдалану бойынша 320 тексеріс жүргізіпті. Нәтижесінде 222 заңбұзушылық анықталып, жалпы сомасы 9,4 млн теңге айыппұл салынған. Оның 79-ы ауылшаруашылығы мақсатында берілген жер учаскелеріне қатысты.

Жалғас Сүлейменов – Қостанай және СҚО бойынша «Өңіраралық жер инспекциясы» ММ бас маманы:

Ауыл шаруашылығы үшін берілген жерлердің пайдаланылуын тексеру үшін өңіріміздің 13 ауданында жұмыс топтары құрылды. Соның арқасында жалпы аумағы 77,3 мың гектарды құрайтын 153 жер учаскесі анықталып отыр. Оның 13-і мемлекет меншігіне қайтарылды.

Сондай-ақ, жер инспекциясы сот органдарына 38 талап-арыз жіберген. 9-ы жер учаскелерін қайтарып алу, 2-уі заңбұзушылықтарды жою бойынша ұйғарымдарды күштеп орындатуға байланысты. Қазіргі уақытта арыздардың 17-сі қанағаттандырылыпты.

Сәуле Токушева – Қостанай және СҚО бойынша «Өңіраралық жер инспекциясы» ММ бас маманы:

Жер кодексінің 43-бабын, яғни «Жер учаскелерін пайдалануға беру тәртібін бұзушылықты» жиі анықтаймыз. Мәселен өңіралық жер инспекциясы Парковая көшесінде орналасқан ардагерлердің шағын бағы мен Рига-Айыртау көшелерінің қиылысындағы жер учаскесін пайдалануға беру туралы қалалық әкімдіктің қаулысын заңсыз деп тапты.

Өткен жылы мекемеге заңды және жеке тұлғалардан 390 өтініш түсіпті. Құжаттардың бәрі қаралып, тиісті шешім қабылданған.

Инеш Шоқақова