Қоғам

Өңір басшысы елдің жарқын болашағы үшін дауыс берді

 

Облыс әкімі Серік Біләлов әдеттегідей  тұрғылықты мекен-жайы бойынша №736 сайлау учаскесінде дауыс берді. Өңір басшысының мереке күні көңіл күйі көтеріңкі. Ол алдымен кабинаға кіріп, өз таңдауын жүзеге асырды. Кейін комиссия мүшелері мен байқаушылардың істеріне сәттілік тіледі.  

 

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Солтүстікқазақстандықтар сайлауға белсенді қатысады деп ойлаймын. Мен де міне таңертеңнен келіп, бейбітшілік, келісім, еліміздің игілігі үшін дауыс бердім. Солтүстік Қазақстан облысында сайлау ұйымдасқан түрде, белсенді және «Сайлау туралы» Заңға сәйкес өтеді деген ойдамын.

 

№ 736 сайлау учаскесінде қаланың орталық аудандарындағы 1361 тұрғын дауыс береді. Таңғы сағат сегіз жарымда олардың 30 пайызы өздерінің азаматтық міндеттерін өтеп үлгерді.  
Саяси шаралар уағында әсіресе аға буын өкілдері белсенді. Ел үшін маңызды бұл күні алдымен конституциялық құқығымды пайдаланып, азаматтық борышымды өтеп алуым керек дейді М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры Алтай Қожахмет. Ал кейін теледидардан сайлау барысын байқап отырмақ.
Кейінгі толқын да ақсақалдардан қалысар емес. Жақын маңдағы Солтүстік Қазақстан университеті колледжінің студенттері дауыс беруге топ-тобымен келіп жатыр. Жастардың дені – сайлауға не бары екінші рет рет қатысып отырғандар.
Дауыс берудің өту барысы – мұндағы 11 байқаушының жіті назарында. Алайда, заңбұзушылықтарды “байқамадық” дейді олар бірауыздан. №736 сайлау учаскесінің дауыс берушілері қалалық мәслихат депутаттығынан үміткер 3 кандидаттың, ал облыстық мәслихатқа екі үмтікердің бірін таңдайды. Республика Парламенті мәжілісіне кіру үшін 7 партия сайысқа түсіп отыр.

 Гүлмира Шоқтыбаева